Жаңарту жоспары: Жетісу ауданында қандай ескі үйлер сүрілді?

Жаңарту жоспары: Жетісу ауданында қандай ескі үйлер сүрілді?
Өңірлік коммуникациялар қызметі

Реновациялау бағдарламасы қалай жүргізіледі және тозығы жеткен қанша үйдің сүрілгенін Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева ӨКҚ брифингінде айтып берді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Айта кету керек, қаланың тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі бас жоспары аясында жүзеге асырылуда. Жетісу ауданында барлығы 161 ескі үй бар, оның 18-і бүгінде сүрілген. Олардың орнына жаңа үйлер салынды.

«Сіздер Райымбек даңғылында ескі екі қабатты үйлердің орнында мүлдем жаңа 12 қабатты үйлер салынғанын байқаған боларсыздар. Сондай-ақ, Боткин көшесінде 9 қабатты үйлер салынды. Бірінші кезекте тұрған барлық тұрғындар қоныстанды. Қазір үшінші кезек бойынша  бұзу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Дулыға, Азов және Сүйінбай көшелеріндегі және  ішінара Грибоедов көшесі бойынша  тозығы жеткен үйлердің тұрғындарының өтініші бойынша олар жаңа үйлерге көшірілді. Тұрғындардың бір бөлігі Түрксіб және Алатау аудандарына көшірілді», - деп атап өтті Г.Көкебаева.

Жетісу ауданында барлығы 138 бұзылмаған ескі үй қалып отыр. Жақын арада, жаңарту бағдарламасы аясында оның 28-ін бұзу жоспарлануда. Сүрілген ғимараттардың орнына 40 үй салу жоспарлануда.