Жаңа Су кодексінде суды үнемдеу қағидаттары бекітіледі

Жаңа Су кодексінде суды үнемдеу қағидаттары бекітіледі
Сурет: ҚР Экология министрлігінің баспасөз қызметі

Кодекс әзірленіп жатыр

Жаңа Су кодексінде су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға баса мән беріледі. Бұл туралы Су кодексі жобасын қоғамдық талқылауда айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Су ресурстарының ластануы мен тиімсіз пайдаланылуы, су пайдаланудың ескірген технологиялары, судың шектеулі болуы мен сарқылу қаупі, трансшекаралық суды бірлесіп пайдалану және қорғау мәселелері негізгі проблемалар болып қала береді. Қолданыстағы Су кодексі негізінен су ресурстарын шаруашылықта пайдалануға бағытталған, онда су ауыл шаруашылығында экономикалық пайда табу құралы ретінде қарастырылады», - деді Су ресурстары комитеті су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Марат Иманалиев.

Әзірленіп жатқан жаңа Су кодексі жобасында экономиканың барлық салаларында суды үнемдеу қағидаттарын бекіту ұсынылады.

«Жаңа Су кодексінің негізгі мәні – судың қоршаған ортаның негізгі элементі екенін, оның өмір сүру үшін және адамның экономикалық қызметінің барлық түрінде қажеттігін бекіту. Бұл тұрғыда суды сарқылудан және ластанудан қорғау - су ресурстарын басқарудың басты тәсілі болады. Жобада баяндалған тұжырымдамалар негізінде бірқатар негізгі проблемаларды шешу жолдары ұсынылады», - деді М. Иманәлиев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының биылғы 8 ақпандағы кеңейтілген Үкімет отырысындағы тапсырмасына сәйкес жаңа Су кодексі әзірленіп жатыр.