Жаңа Қазақстанға апарар қадам

Жаңа Қазақстанға апарар қадам
almaty-akshamy.kz

Плебисцит – демократияның ең айқын да шынайы көрінісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынғаннан кейін,  2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Президентіміз тұжырымдағандай, Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануға тиіс. Ал плебисцитті референдум түрінде өткізу қазіргі Қазақстанның саяси өміріндегі ең маңызды оқиға болып табылады. Еліміз саяси ландшафт өзгеретін тарихи кезеңде тұр. Қазақстанда соңғы рет референдум осыдан 27 жыл бұрын Қазақстанның қазіргі Конституциясы қабылданған кезде өткені белгілі. «...Мұндай ауқымды өзгерістер халықтың қалауы негізінде жүзеге асуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл өзгерістер мен түзетулер жобасы халқымыздың сұранысына негізделген әрі бүкіл қоғамның мүддесі үшін жасалмақ.  Конституциямызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, ең алдымен, құқық үстемдігін, заңдық негізде әділетті қоғам құруды  көздейді. Демократиялық үрдістерге қарай және биліктің әділ бөлінуін қамтамасыз етуге маңызды қадам жасауға мүмкіндік бермек. Тежемелік әрі тепе-теңдік тетігі күшейеді. Сарапшылар айтып жүргендей, Конституция қоғам­дық қатынастарға нақты әсер ететін құ­жат рөлін атқаруы тиіс. Жаңа Қазақстанда жалпы әлеумет өмірі мен мем­ле­кеттік қызмет тең мүм­кіндіктер аясында айқын­далуы қажеттігі – басты талап дер едім.

Президент бүкіл прогрессивті әлемде плебисцит тікелей демократияның ең айқын да шынайы нысандарының бірі болып табылатынын атап өтті.

5 маусымда өтетін референдумда Қазақстан Конституциясына 56 өзгерту мен толықтыру енгізу ұсынылады, барлығы 33 бапқа әсер етеді, бұл – 98 баптан тұратын Конституцияның жалпы санының үштен бірі. Кешенді трансформация мемлекеттік құрылымның іргелі ережелерінің көпшілігін, елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертуден бастап, биліктің барлық үш тармағын қайта құруға дейін қамтиды, әсіресе, үлкен өзгерістер өкілдік билік пен атқарушы билікке әсер етеді. Қазақстан суперпрезиденттік республикадан күшті Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға айналатын кезеңге – Екінші  Республикаға  қадам басып келеді. Бүгінде жергілікті өзін-өзі басқару саласында өзгерістер болып жатыр. Жаңа түзетулерге сәйкес, Қазақстанда мәслихаттардың маңызы артып, жергілікті атқарушы билік органдарын одан әрі реформалауға негіз дайындалуда. Біз ауылдар мен ауылдық округтерден бастап, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдер сайлауына дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауға кезең-кезеңімен көшетін боламыз.

Сайлау жүйесіне де өзгерістер енгізіледі. Мәжіліс пен облыстық мәслихаттар депутаттарын сайлауға сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерінің барлық спектрін толық қамтитын аралас мажоритарлық-пропорционалдық моделін енгізу ұсынылуда. Сондай-ақ облыс тұрғындарына жергілікті билік органдарына тиімдірек ықпал етуге мүмкіндік беретін аудандық және қалалық мәслихаттарға сайлаудың толық мажоритарлық жүйесін енгізу ұсынылады.

Сонымен қатар, Президенттің барлық саяси партиялар мен қозғалыстардан тең дәрежелі мәртебесін бекіту ұсынылады, жақын туысқандардың маңызды мемлекеттік лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерді атқаруына тыйым салынады. Құқық қорғау саласында Конституциялық Сот құру және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту сияқты түзетулер күтілуде.

Жалпы, референдум қорытындысы Қазақстан халқының өміріне оң өзгерістер әкеледі деп күтілуде. Біздің міндет – алда болатын іс-шараға барлық азаматтардың белсенді қатысуы және билікпен сындарлы диалог арқылы өзекті мәселелерді шешетін әділетті, нақты азаматтық қоғамды қалыптастыру.  Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бұл Конституциялық реформаның түпкі мақсаты – саяси үдеріс­терді демократияландыру негізінде  халықтың  мемлекетті  басқару ісіне қатысу мүм­кіндігіне жол ашу,  Қазақстанда шынайы демократиялық саяси мәдениет пен бәсекеге қабілетті ұлт құру.

Демек, 5 маусым – әрбір азаматтың  қоғам алдындағы жеке жауапкершілігі айқындалар әрі сыналар сәт. Жаңа Қазақстанға қадам басқымыз келсе, бәріміз референдумға жұмыла қатысқанымыз жөн.  Адам құқықтарына кепілдік  берілсін десек, билік пен халық  арасындағы қарым-қатынаста оң өзгерістердің болғанын қаласақ, елінің жарқын болашағын ойлайтын әрбір азамат өз учаскесіне барып, Конституцияға түзетулер енгізу үшін дауыс бергені абзал.