Жалақыны жарытпаған жарылқаушылар

3

Елiмiздегi 102 кәсiпорынның жұмысшылар алдындағы қарызы 1 миллиард 400 миллион теңгенi құрайды

 

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

«Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей» деген бабалар ссзiн қағида етiп ұстанған қарапайым халық қай кезде болсын еңбек етуден жалыққан емес. Бiрақ, кейiнгi жылдары «екi қолға бiр күректерiн» таяныш еткен еңбекшiл жұрттың арасында ереуiлдер көбейiп кеттi. Айлап, тiптi, жылдап жалақыларын ала алмай, еңбек еткен кәсiпорындарының табалдырығын тоздырған жұрт бүгiнде «Жыламаған балаға ешкiм емшек бермейдi» деген мәтелге үн қосып жүрген жәйi бар.

Жұмысшы жұрттың маңдай тер, табанақысын аяқасты етiп жүрген өндiрiс орындарының көбi отандық емес, шетелдiк компаниялар мен өндiрiс орындары көрiнедi. Өзге елден келiп қазанымызға, қазына-қоржынымызға қол салғысы келетiн, «шүкiр, тәуба» деумен ешкiмге қарсы шықпайтын қазақ жұртының мiнезiн бiлiп алған шетелдiк компания иелерi «қазаншының өз еркi, қайдан құлақ шығарса» десе керек. Қазiргi күнi елiмiздегi жұмысшылар алдындағы берешегi 1 миллиард 400 миллион теңге қарызы бар 102 өндiрiс орнының басым бөлiгi сол елiмiзге келiп «қазанымыз бен қазынамыздың» құлағын ұстағысы келген шетелдiк iрi компаниялар мен мұнай, газ, тау-кен саласын игеруге атсалысып жүргендер.

Ендi бұдан былай өзгелер өзiмiздi өзегiмiзден теуiп, жұмысшыларымызды еңбекақыға телмiртпейтiн болады. Бұл жөнiнде кеше Алматы қаласында өткен «Еңбек даулары: ескерту және алдын алудың оңтайлы жолдары» тақырыбында өткен халықаралық дөңгелек үстелде жан-жақты айтылды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң ұйымдастыруымен өткiзiлiп отырған бұл жиынға ҚР еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Серiк Әбденов, ҚР Кәсiподақтар федерациясының төрағасы Әдiлғазы Құсайынов, «ҚР Жұмыс берушiлер конфедерациясы» ЗТБ Басқарма төрағасы Қадыр Бәйкенов, «Атамекен» одағы, Ұлттық экономикалық палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Құдайбергенов, Алматы облысы әкiмiнiң орынбасары Серiк Мұқанов, сондай-ақ, Алматы қаласы бойынша Әлеуметтiк қорғау және бақылау департаментiнiң басшылары мен жауапты мамандары, халықаралық еңбек ұйымының өкiлдерi Алан Пелсе, Сергейус Гловацкас, Елена Коцсур, Ресейдiң Еңбек министрлiгiнiң өкiлi Сергей Казарцев, «Арселор Миттал Темiртау», «ҚазЦинк», «ҚазМұнайГаз», «Қазақмыс» корпорациясы, Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясының өкiлдерi мен өңiрлердегi халықты жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармаларының, әлеуметтiк қорғау және бақылау департаменттерiнiң, өндiрiс орындарының басшылары мен өкiлдерi қатысты.

Дөңгелек үстел басындағы әңгiменiң әлқиссасын ҚР еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Серiк Әбденов мырза бастады. Серiк Сақбалдыұлы өз сөзiнде елiмiздегi қазiргi еңбек және халықты жұмыспен қамту мәселелерiне, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына 20 қадам» атты мақаласы мен «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында айтылған әлеуметтiк саясаттың жаңа принциптерiне, әлеуметтiк жаңғыртылудың маңыздылығына және халықтың әлеуметтiк ахуалы мен тұрмысын жақсартудың негiзi болар еңбек мәселелерiне жан-жақты тоқталды.

«Еңбек бағалануы керек», – дегендi баса айтқан министр соңғы 2-3 жылда еңбеккерлер мен жұмысшылар арасында еңбектегi әдiлетсiздiктерге байланысты ереуiлдердiң көбейiп кеткенiн, бұдан былай мұндай әрекеттерге жол берiлмейтiнiн айта келiп, дөңгелек үстелге қатысушыларды әлеуметтiк еңбек қатынастарының оңтайлы нұсқауын құруға бағытталған мемлекет, жұмыс берушi мен кәсiби орындар арасында әрiптестiк қатынас орнату мәселелерiн талқылау үшiн осы шараны ұйымдастырып отырғандарын айтты.

Сонымен қатар, министр әлеуметтiк еңбек қатынастары моделiн құруда мемлекетiмiз еңбек саласындағы құқық пен негiзгi принциптер туралы декларацияның басты қағидаларын ұстанатынын атап өттi. Қазақстан халықаралық еңбек ұйымының негiзгi 8 конвенциясына қол қойғанын, жалпы алғанда, ХЕҰ-ның 21 конвенциясы ұлттық заңдарда қамтылғанын, аталған нормалар қолданыстағы еңбек заңы механизмi мен ХЕҰ-мен бiрге жүзеге асырылатын лайықты еңбек ұлттық бағдарламасы шеңберiнде қолданылып келе жатқанын да айтып өттi.

2011 жылы елiмiзде еңбек дауларына байланысты 16 жұмысшылар ереуiлi орын алса, өткен 2012 жылы 21, ал, биылғы жылдың 2 айында 4 жұмысшылар ереуiлi орын алған. Жұмысшылардың ереуiлге шығуына ең алдымен еңбекақының төмендiгi себеп болса, екiншi себеп еңбекақының уақтылы берiлмеуi болып отырған көрiнедi. Министрлiк өткен жылы 13 аймақ бойынша тексеру жүргiзiп, нәтижесiнде 51 өндiрiс орны бойынша еңбек дауына байланысты 108 жағдай анықталыпты. Мұндай жағдайлардың орын алуын дөңгелек үстелге қатысушылар өндiрiс орындарындағы материалдық қана емес, моральдық кедергiлердiң де себеп болып отырғанын тiлге тиек еттi. Ең өкiнiштiсi сол, еңбек даулары елiмiздегi ең басты мұнай, газ, тау-кен өндiрiстерi мен құрылыс салаларында жиi орын алып тұр.

Әлеуметтiк мәселелер оң шешiлу үшiн жұмыс берушi мен жұмысшы, кәсiподақ арасында үйлесiмдi түсiнiстiк орын алу қажет дейдi еңбек дауының алдын алып, оны реттеу мәселелерiн талқылауға қатысушылар. Дөңгелек үстел басындағы әңiмелердi бағамдай отырып, бiздiң сала басшыларының шетелдiк компаниялар мен iрi өндiрiс орындарында жұмыс iстейтiн жұмысшылардың жанайқайын, еңбекақы мәселесiндегi теңсiздiк мәселелерi, ендi-ендi құлақтарына жетiп, оған қарсы iс-шаралар қарастырылып жатқанын байқадық.

Жұмысшылар құқын қорғау мақсатында құрылатын төрт жақты Еңбек министрлiгi, прокуратура, Қаржы министрлiгi, кәсiподақ өкiлдерiнен құрылып жатқан комиссияның да түпкi мақсаты – еңбек дауларының алдын алу оңтайлы жолдарының бiрi болмақ. Аймақтардағы дағдарысқа қарсы штабтарының жұмысын күшейту үшiн 2013 жылдың 12 қаңтарында Еңбек, Әдiлет, Қаржы министрлiктерi мен бас прокуратура өкiлдерi қол қойған «Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау саласында өзара жұмыс атқару, жалақы бойынша қарызды өтеу және ақпаратпен бөлiсу тәртiбiндегi iс-қимылдар туралы» бiрiккен бұйрықтың қабылдануы да жұмысшылар мүддесiн қорғауға бағытталып отыр.

Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысушылар министрлiк құрған еңбек қатынастарын реттеу бойынша жалпы құқықтық оқытудың негiзгi кезеңдерiн анықтайтын iс-шаралар жоспарына, мемлекеттiк еңбек инспекторлары және оқу орындары мен басқа ұйымдардан тартылған (МЕҰ, ЖОО, ЖҚ) оқытушылардың күшiмен биыл iрi және орта кәсiпорындардағы 2 мыңға жуық жұмыскердi оқыту жөнiндегi бастамаларына қолдау бiлдiрдi. Еңбек дауының туындауына кей жағдайларда жұмысшының өз құқын жетiк бiлмеуi мен кәсiби бiлiктiлiгiнiң төмендiгiнiң де себеп болатыны шындық.

Бүгiнгi уақыттағы ең өзектi мәселе – еңбек дауларын және оның алдын алудың оңтайлы жолдарын жан-жақты талқылай келiп, ендi мұндай даулы мәселелерге жол бермеу үшiн министр Серiк Әбденов жергiлiктi басқару органдарына, жұмыс берушiлер мен кәсiподақтарға әлеуметтiк және еңбек дауларының алдын алу, болдырмау жұмыстарын күшейтудi тапсырды.

Министрдiң бұл тапсырмасы орындалып жатса, қазақстандық әрiптестерiне шекелерiнен қарағысы келетiн шетелдiк өндiрiс орындарының басшылары бiздiң елiмiздiң Еңбек заңдарымен санасатын болса, бұйыртса, қазақстандық жұмысшылардың алақанына да көк қағаздар қонақтар, осы уақытқа дейiн Қазақстанда «әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа» жоқтай көрiп келген өзгелер бiздiң халықтың да мүддесiмен санасар деген үмiттемiз.

Әйтеуiр, жұмысшылардың әлеуметтiк жағдайына байланысты көп жылдан берi тоң болып қатып жатқан күрделi мәселелердiң күрмеуi шешiлiп, тоңы жiбiген сыңайлы. Бұдан былай, «Арселор Миттал» секiлдi Қазақстанды майшелпекке айналдырып алған компаниялар тiзгiнiн тарта жүретiн шығар…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *