Заңсыз айналымдағы 1 113 қару тәркіленді

Заңсыз айналымдағы 1 113 қару тәркіленді
Сурет: Еgemen.kz

Ақпан айынан бастап ел аумағында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.

Елімізде «Қару» жедел профилактикалық шарасы аясында заңсыз айналымнан 1 113 қару және 8 мыңнан астам патрон тәркіленді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Биыл ақпан айынан бастап ел аумағында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Мақсат - қаруды қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу. Полиция органдарында 235 мыңға жуық азаматтық қару иелері мен 2 мыңнан астам қызметтік қару субъектілері есепте тұр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 1 113 бірлік атыс қаруы, сондай-ақ ойық қарудың 8 мыңнан астам патрондары тәркіленді», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

Жедел алдын алу шарасы аясында полиция қызметкерлері 2,5 мыңға жуық заңды тұлғаны, 92 қару-жарақ сататын дүкен мен 76 мыңнан астам шаруа қожалықты тексерді.

«Сонымен қатар 224 мыңнан астам азаматтық қару иелері тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Нәтижесінде 5 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 379 материал тіркеліп, 579 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді ол.

Сондай-ақ, министрлік өкілі қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің барын еске салды.

«Заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар, егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыстар болмаса, жауапкершіліктен босатылады. Осыған байланысты ішкі істер министрлігі азаматтарды заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және арнайы құралдарды өз еркімен тапсыруға шақырады», - дейді өкіл.