Өз-өзіңнен есеп ал

 

 

Әсел ДАҒЖАН

Абай өзінің 15 қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – деп адамды өз-өзінен есеп алуға шақырады.

 

Бұл тұста бізді қызықтыратыны – Абайдың айтқанын білу бір басқа да, онымен амал етіп, күнделікті өмірде қолдану мүлде бөлек әңгіме екендігі. Яғни, Абай айтқандай, тым болмаса айына не жылына бір рет өз-өзіне есеп беретін адамдар бар ма арамызда? Болса, олар кім? Бұл жақсы әдет адамға не береді? Бүгін осы сауалдарға өзімізше жауап іздеуге тырысып көрдік.

Соңғы кездері қазақ қоғамында өзін-өзі дамытумен айналысып, мінезі мен бойындағы түрлі «кеселдермен» күресіп, ақылы түрде болсын білім алуда өзіне-өзі инвестиция құйып жүрген жастар қатары артқан. Олардың біразы түрлі шетелдік авторлардың кітабын оқып, сол бойынша өз-өзімен жұмыс істеп жүрсе, енді бірі семинар-тренингтің табалдырығын тоздырып жүр. Тағы біреулері онлайн сабақ алып, қосымша білім үйренуде.

Дегенмен, қай-қайсысының да қалауы бір нүктеде түйіседі. Оны солардың өз тілімен айтсақ, олар бүгінгі бар болмысының үздік нұсқасына ұмтылады. Сол жолдағы басты әдеттердің бірі – өз-өзіне үнемі есеп беріп отыру. Уақыты мен өмірін алдын ала жоспарлау. Алдыға қойған мақсатына уақытын тиімді түрде пайдалана отырып, жетуге тырысу. Яғни, саналы түрде өмір сүруге ұмтылу.

Бәлкім, өзіміз қолда бар алтынның қадірін білмейтіндігіміз шығар, бүгінгі жастардың ұмтылып жүрген саналы өмір сүруге деген талпынысы да кезінде Абай айтып кеткен есті адамға келетін секілді.

Заман көшінен қалмай өмір сүруге ұмтылатын алматылықтар мен бүгінгі жастар Абайдың 15-қара сөзінде айтылған есті адамды қалай түсінеді? Өз өздеріне қалай есеп береді? Бүгінгі күннің «есті адамы» қандай болуы шарт? Уақыт пен өмірді қалай жоспарлаған дұрыс?

 Бауыржан ҚАСЫМБЕРГЕБАЕВ, Синергия университетінің президенті:

Электронды күнделік тиімді

Мен өткен жылдардың қателігінен сабақ ала отырып, өз денсаулығың мен отбасыңа көбірек көңіл бөлу керектігін түсіндім. Жоспарлау дегеніміз – адам өміріндегі ең маңызды әдеттің бірі. Өйткені, сіз бен үлкен жетістіктің арасын тек жоспарлау ғана бөліп тұр. Сондықтан міндетті түрде кешкілік әр күніңізге есеп беруді әдетке айналдырыңыз. Уақытты жоспарлаудың небір әдісі бар. Мен өзімнің құпияммен бөлісейін. Көпшілік адамда қалыптасып қалған әдет бар, ол – бір жылға жоспар жасау. Қажеті жоқ. Мен бір жылды төрт бөлікке бөліп, әрбір үш айға жоспар жазамын. Үш айдан соң не істедім, не істелмеді деп қорытындысын шығарамын. Жазылған жоспарымның орындалған, орындалмағанына анализ жасаймын. Орындалмаған жоспар маңызды болса келесі айға қалдырамын немесе уақыт, күш, ресурсымды босқа шығындамас үшін бас тартамын. Іске асатын болса, келесі үш айда міндетті түрде орындаймын. Сонда ол шаруа адамға физикалық, психологиялық тұрғыда салмақ түсіріп, бір жылға созылып кетпейді. Бір жылдық жоспарды үш айға бөлген кезде әдеттегі адамдар 3-4 жылда істейтін шаруаны сен бір-ақ жылда жасайсың. Қазір өз әрекетің мен уақытыңды бақылауға мүмкіндік беретін электронды гаджеттер, қосымшалар өте көп. Өз басым электронды күнделік қолдануға кеңес беремін. Айына бір рет өз-өзіңе есеп беру адамның өз жолы мен бағытын түзеп отыруға көмектеседі. Егер сен бір жыл бойы басқа бағытта қозғалсаң, ол бір айды жоғалтқаннан да жаман. Мен үнемі жастармен еркін және ашық сөйлесемін. Диалогқа ашықпын. Олар менің инстаграмдағы @baurzhan_kassymbergebayev парақшама жазса да болады.

 Рауан ЧИНГУЖАНОВ, теолог, психолог:

Уақытпен нәзік байланыс қажет

Жылдың соңында өзіңе дәстүрлі түрде есеп беру мен жоспар жасау, екеуі – екі басқа нәрсе. Екеуін екі бөлек қарастырған дұрыс деп ойлаймын. Ғалымдардың айтуы бойынша әр күні кешке өзіңе есеп берген дұрыс. Күндік есеп бар, апталық есеп, айлық және жылдық есеп бар. Оны осылай бөлген дұрыс. Менің өзімде қалыңдау бір дәптерім бар. «Шүкіршілік күнделігі» деуге болады. Мәселен, бейсенбі күнімді қалай өткізгенімді жазып, шүкіршілік айтамын. Сонда сол жазылған дүниелерге қарап анализ жасау өте ыңғайлы. Бір аптада күніне үш маңызды істерді бекітіп тұрған болсам, апта ішінде 21 маңызды істі бекіткен боламыз. Құндылығын саналы түрде түсініп, ақылымызбен қанағаттандырсақ, онда біз уақыттың қадірін түсіне бастаймыз. Ол жайлы кітаптар оқып, ғылыми зерттеулер, бәлкім роликтер қарап, уақыттың маңыздылығын алдымен өзімізге дәлелдеуіміз қажет. Уақытты жоспарлау – шартты нәрсе. Өйткені, уақыт өзінің дегенін істеп, қылыш сияқты шабады да, кетеді. Бірақ біз уақытқа «уақытпен болған майдан» деп емес, оны өзімізге дос қылып, керемет диалогке түсуіміз керек. Уақытын тиімді пайдаланатын достарыңыз болса, солармен жиі кездесіп, араласып тұрған дұрыс. Бұл жерде кешікпеу мәселесі бар. Өзгелердің уақытын құрметтей бастасақ, уақытқа сондай мағына берсек, уақыт та бізге берекесімен ашылады. Пайғамбарымыз Иерусалимге барды, жеті қабат көкке көтеріліп, жұмақ пен тозақты көрді, Алла Тағаланың құзырына барды. Шын мәнінде ол ұзақ уақыт алды. Алайда әлемдік, дүниелік деңгейде ол өте бір қысқа уақыт еді. Уақыттың ішіндегі уақытты Алла бізге жаратып бере алады. Ол өзімізге байланысты. Ол үшін уақытпен өте нәзік байланыста болу қажет.

 Әсем АБДУКАРИМОВА, ІТ саласының маманы:

Эмоцияға да байланысты

Есті адам дегеніміз, менің ойымша, өзінің іс-әрекетіне және сол іс-әрекетті туғызатын факторларға есеп бере алатын адам. Бұл жердегі есеп беру деген ұғымға мен бақылау деген ұғымды да қосып айтып отырмын. Яғни, өзінің әрбір іс-әрекетіне есеп беру үшін есті адам ойы мен эмоциясына да есеп бере алуы керек. Демек, ойын да бақылай алуы қажет. Мысалы, адам өзінің досы не жақыны жайлы жағымсыз бірдеңе ойлай бастаса және сол арада өз-өзін дереу тоқтата алса, бұл – жақсы қасиет. Есті болу дегеніміз эмоцияға да байланысты. Адамда эмоция туындаған кезде соның әсерімен белгілі бір іс-әрекетке барып жатамыз. Әрине, адам өзіндегі эмоцияның пайда болуын бақылай алмайды, бірақ эмоциясын басқара алады. Әдетте, мен өзіме «не үшін?» деген сұрақ қою арқылы өзімді бақылауға тырысамын. Біреуге дауыс көтеріп жатқанымды байқасам, «Әсем, тоқта, не үшін дауыс көтеріп жатырсың?» деп сұрақ қойып, өзіме сырт көзбен қарауға тырысамын. Шындап келгенде, адамның өзін-өзі бақылауы – қиын нәрсе. Егер адам өз іс-әрекетіне анализ жасайтын болса, қателікті екінші рет қайталамайды.

 Данияр ЖІГІТБЕК, копирайтер:

Түпкі себеппен жұмыс істеген жөн

Егер адамның мақсаты болса ғана жоспарлау орынды. Ал мақсат болмаса, онда жоспарлаудың ешқандай пайдасы жоқ, онда біз жәй хаосты ғана жоспарлаған боламыз. Кейбір адамдар «таңертең ананы-мынаны істеймін» деп, сол күнді жоспарға салғысы келеді. Бірақ ол жоспар оны А нүктесінен В нүктесіне апармайды. Мұндайды өз басым құптамаймын. Сол үшін алдымен мақсат жайлы ойлану керек. Сосын соған сәйкес келесі қадамыңды жасайсың. Өз-өзіңе есеп беру машығын қалай қалыптастыруға болады? Жоспарлау, тайм-менеджмент, мақсат қою деген кезде бақылау деген қатар жүреді. Сонда ол сізді тәртіпке үйретеді. Сосын әрі қарай қалай даму керектігін көре бастайсыз. Ол үшін алдымен бақылаудан бастаған жөн. Жапондардың Кайдзен системасы жайлы естісеңіз, онда бес рет «не үшін?» деген сұрақ қойылады. Не үшін діттеген мақсатыңызға жетпедіңіз? Не үшін бір ісіңіз аяқсыз қалды? Сол сұрақты өзіңізге бес рет қою арқылы түпкі себебін табасыз да, түпкі себеппен жұмыс істеу арқылы дұрыс жолын көресіз

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *