Үлкендіктер «үлкен» мәселені өздері шешеді

Үлкендіктер «үлкен» мәселені өздері шешеді
Сурет: ашық дереккөз
22 тамызда үкімет отырысында ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Үлкен ауылындағы АЭС құрылысына қатысты қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша қандай шешім қабылдауға болатынын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Жандос Нұрмағамбетов «Атом энергиясын пайдалану туралы» заңға сәйкес, әкімдіктің келісімі негізінде атом электр станцияларын қай жерде салу керек екенін үкімет өзі шешетінін айтты.

«Министрліктің ведомствоаралық комиссиясы бірінші станцияны Үлкен ауылының маңына салу керек екенін айтып отыр. Біз Алматы облысының мәслихатына өтініш білдірдік. Олар ауыл жұртшылығы жобаны қолдаса деген шартпен келісімін берді. Қоғамдық тыңдауларға тұрғындар да, белсенділер де, қоғамдық ұйымдар да қатысып жатыр. Онда қойылған сұрақтардың барлығын біз талдаймыз», - деді вице-министр.

Жандос Нұрмағамбетовтың айтуынша, станция құрылысының нақты орны туралы шешім қабылдау үшін Алматы облысы әкімдігінің келісімі қажет.

«Бүгін әкімдік бар немесе жоқ деп, жауабын айтады. Осыдан кейін бұл станцияны салу туралы шешім қабылданады. Бірақ станция салынбай тұрып, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалады. Біз қоршаған ортаға әсерін бағалаймыз. Барлық мүдделі тараптың пікірін жинаймыз. Бұл жұмыс енді басталып жатыр», - деп түсіндірді спикер.
«Тұрғындар АЭС құрылысына қарсы дауыс берсе не болады?»,- деп нақтылады журналистер. 
«Бүгін тұрғындардың көбі «жоқ» десе, Алматы облысы мәслихатының шешімі күшіне енбейді. Бұл - рұқсат болмайды деген сөз. Жаңа орын іздейміз», - деп түйіндеді сөзін Жандос Нұрмағамбетов.

Бұған дейін Үлкен ауылында АЭС құрылысына қатысты қоғамдық тыңдаулар өтіп жатқаны хабарланған еді. Бұл мәселе қызу пікірталас тудырды: кейбір жергілікті белсенділер АЭС салуға қарсы, бірақ ауыл тұрғындарының көбі құрылысты қолдап, оның экономикалық пайдасын айтып жатыр.