«Ұлытау» ұлттық табиғи паркіне облыстың 28 420 гектар жері қосылды

«Ұлытау» ұлттық табиғи паркіне облыстың 28 420 гектар жері қосылды
Сурет: Massaget.kz

Әкім қаулысы 1 тамыздан бастап күшіне енеді.

«Ұлытау» ұлттық табиғи паркінің шекарасы кеңейеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Ұлытау облысының аумағындағы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі шекарасының айналасындағы жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан алмай және жер санатын өзгертпей, ені екі километрден кем емес, жалпы ауданы 28 420 гектар жер күзет аймағы болып белгіленсін», - делінген Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қол қойған қаулыда.

Тиісінше, қосылған жер аумағында мынадай әрекеттерге жол берілмейді:

- ұлттық парктің экологиялық жүйелеріне зиянды әсер ететін объектілер орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологияларды енгізуге;

- ластаушы заттар мен сарқынды суларды атмосфераға шығару және ашық су көздері мен рельефке төгуге;

- пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге;

- аң аулауға;

- радиоактивті материалдар мен өнеркәсіптік қалдықтарды көмуге;

- ұлттық парктің экологиялық жүйелерінің гидрологиялық режимін өзгертуі мүмкін қызметке (бөгеттер, дамбалар, гидротехникалық құрылыстар және табиғи су ағынын тоқтатуға немесе азайтуға душар ететін басқа да объектілер) салуға;

- ұлттық парктің экологиялық жүйелеріне зиянды әсер етуі мүмкін басқа да қызметке тыйым салынады.