Қызғалдақтың Отаны – Қазақстан

Көктемнің көркіне айналған сан алуан қызғалдақты қала көшелерінен көрген сайын көңілге де, көзге де ерекше қуаныш ұялайды. Сол қызғалдақтың Отаны біздің еліміз екендігі тіпті мақтаныш сезіміңізді ұлғайтады. Сондықтан қызғалдақ туралы ән де, жыр да, суреттер байқауларының, т.б. іс-шаралардың жыл сайын өтіп отыруы заңды сияқты. Сондай бір іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында Оқушылар сарайы биологиялық-экологиялық бөлімінің ұйымдастыруымен «Қызғалдақтың Отаны» атты фестиваль өткен еді.
Рая ЕСКЕНДІР
Іс-шараға қала мектептерінің оқушылары қатысып, еліміздің керемет табиғатымен, оның алуан түрлі гүлдерімен танысты. Мереке аясында оқушылардың ісмер қолынан шыққан гүлмен безендірілген бұйымдар, костюмдер, суреттер байқауы да өтті. Сонымен қатар, «Мың бір қызғалдақ», «Көктемнің алуан гүлдері», «Қызғалдақтар шеруі» мерекелік іс-шараның мазмұнын аша түсті. Әлемде қызғалдақтың 110-ға тарта түрі өседі екен. Ал олардың 39 түрі біздің еліміздің жазық жерлерінде өседі. Осы гүлдердің 18 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
Фестивальдің құрметті қонағы болған Әлия Назарбаеваға оқушылар әсем қызғалдақтарды тарту етті. Дәстүрге айналған қызғалдақтар мерекесіне қатысушылар саны биыл тіпті арта түскен.