Вакцинаның екінші компонентін салу уақыты өзгерді

 

Бұдан былай «Спутник V» вакцинасының екінші компоненті тек 45-ші күні салынады. Бұл туралы Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында айтты.

Десе де, бірінші және екінші компонент арасындағы уақытты ұзарту адамның иммундық жүйесіне кері әсер етпейді. «30 сәуірде еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысымен «Спутник V» вакциналау кестесіне өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес, «Спутник V» вакцинасының бірінші және екінші компонентін салдыру арасындағы ұзақтық 45 күн болып бекітілді. Егер азаматтар белгілі бір себептермен екінші компонентті 45-ші күні салдыра алмаса, 90 күн ішінде салдыра алады», – деді ол.
Сондай-ақ, спикер бұл өзгеріс вакцинаны шығарғандардың ресми мәлімдемесіне сәйкес енгізілгенін жеткізді. Сондықтан одан адамға қандай да бір кері әсер болуы мүмкін емес. «Вакцинаны шығарғандардың мәлімдемесі бойынша, «Спутник V» вакцинасының бірінші және екінші компонентін салдыру арасындағы уақытты 21 күннен 90 күнге дейін ұзарту иммундық жүйенің жауап қайтару күшіне кері әсерін тигізбейді. Керісінше, вакцинаның бірінші компонентін салу арқылы халықты иммундауды жылдамдатады. Эпидемиологиялық жағдайды ескеретін болсақ, бірінші компонентпен жаппай вакциналауды жылдамдату керегі анық байқалады. Жаңа мутацияларға жол бермеу үшін дерттің таралу деңгейін төмендету үшін және вакцинаны шығарушылардың тұжырымдарына сүйене отырып Денсаулық сақтау министрлігі бірінші және екінші компонент аралығындағы интервалды ұзартты», – деді Әсел Қалықова.
Айта кетейік, «Спутник V» вакцинасын салдыруға қатысты өзге шарттар өзгерген жоқ.

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *