Университет пен мектеп арасындағы байланыс тереңдей түсті

Университет пен мектеп арасындағы байланыс   тереңдей түсті
Сурет: almaty-akshamy.kz

Бүгінгі таңда білім беруді дамытудың басым бағыттарының бірі университет пен мектеп арасында тығыз байланыс орнату жұмысын жүзеге асыру болып табылады. Осы мақсатта Наурызбай ауданы №176 мектеп-гимназия мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті арасында екі жақты меморандумға қол қойылған болатын. Меморандум бойынша мектеп пен университет арасында тығыз байланыс орнату, мектепте бейіндік пәндерді ұйымдастыру және жүргізу бойынша әдістемелік көмек көрсету, ынтымақтастық шеңберінде бірлескен конференция, семинарлар өткізуде мектепке қолдау көрсету және педагогикалық практиканы өткізу базасын қалыптастыру секілді бірнеше жұмыстарды жүзеге асыруды көздейді.

2024 жылдың 22 ақпанында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен бірлескен «LESSON STUDY – САБАҚТЫ ЗЕРТТЕУ КОЛЛАБОРАЦИЯСЫ» тақырыбында диалог алаңы өткізілді. Мақсаты – іс-әрекеттегі зерттеудің ерекеше үлгісі болып табылатын педагогикалық тәсіл – Lesson Study зерттеу сабағын жүргізудегі мүмкіндіктерді талқылау.

Мәжілістің ашылуында №176 мектеп гимназия директоры Дуйсенбекова Нуржамал Есиркеповна сөз алып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Диалог алаңында мектептегі педагогикалық практиканың жүргізілу барысы туралы ақпарат директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары А.К. Төлегенов тарапынан беріліп, алдағы мүмкіндіктері туралы айтты.

Диалог алаңының модераторы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Академиялық бағдарламаларды әзірлеу және сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Аида Бакытбековна «Lesson study: педагогикалық тәжірибеңізді зерттеу үшін оны қалай пайдалана аламыз?» тақырыбында баяндама жасап, құнды ақпараттармен бөлісті. Lesson Study сабақты зерттеудің әлемдік тәжірибелерімен бөлісіп, мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.

Диалог алаңының келесі бөлімінде практикант-студенттердің зерттеу жұмысы аясындағы 5 жобасы таныстырылып, талқыланды. Диалог алаңында университет тарапынан п.ғ.к., қауым. профессор Р.А. Набуова, аға оқытушы Ж.А. Алиева, қауым. профессор, ғылым кандидаты Э.М. Иманова және мектептегі практика жетекшілері мен Наурызбай ауданының жас мамандары қатысты.

Рефлексия бөлімінде Lesson study әдісін педагогикалық тәжірибеге енгізудегі құнды пікірлер №176 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, тәжірибелі ұстаз Кульпеисова Гульзайра Несипбековна мен бастауыш сынып мұғалімі, тәжірибелі ұстаз Салимканова Гульнар Кадирмановна тарапынан айтылып, педагогикалық практиканың жоғары деңгейде өткізіліп жатқаны туралы ризашылықтарын жеткізді.