«Тіл және тұлға» кітабы жарыққа шықты

«Тіл және тұлға» кітабы  жарыққа шықты
Сурет: 24.kz

Тіл ғылымына қатысты құнды дүниелер бір жинаққа топтасты

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына орай «Тіл және тұлға» жаңа кітабы жарыққа шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Авторы – филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев. Жинаққа қазақ тіл білімі мен тюркология дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымдар мен лингвистердің еңбектері енген.

Олардың қатарында Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Ғанетдин Мұсабаев, Ахмеди Ысқақов, Рәбиға Сыздықова сияқты елімізге танымал тұлғалар бар. Кітап мың данамен басылды. Сондай-ақ оны Ұлттық кітапхананың сайтынан оқуға болады.

Кәрімбек Құрманәлиевтың айтуынша, жинақ сала мамандарына және көпшілік қауымға арналған. Кітапта ғалымдардың жұртшылық біле бермейтін қырлары қоса баяндалады.

«Маған ақыл берген, тіл білімі көрсеткішінің алты томын жазған академик Шора Сарыбаев осылардың еңбектерін ел білу керек қой. Бұл энциклопедиялық еңбек емес. Мұнда оның жұмыстан тыс кезіндегі хоббилерін де жаздым. Сонымен бірге жұмыс істеген аға буындары өкілдері бар, белгілі адамдардың белгісіз қырларын қосып шығардым. Соған қарағанда, жалпы ғалымдарға ғана емес, жалпы жұртшылыққа жағымды оқиға болады деген пікірім бар», - дейді ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кәрімбек Құрманәлиев.