ТЖМ ұзақ сапарлардан бас тартуды сұрайды

ТЖМ ұзақ сапарлардан бас тартуды сұрайды
gov.kz

Республикалық маңызы бар автожолдардан ақмолалық құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп түнде 191 адамды құтқарып, жылыту пункттеріне орналастырды, оның ішінде 20 бала, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жақсы ауданында 2 құтқару оқиғасы орын алды. Сағат 18:04-те «Жақсы-Есіл-Бұзылық» автожолында «Астана-Челябинск» бағыты бойынша жүретін рейстік автобустың техникалық ақаулығына байланысты Жақсы кентінің жылыту пунктіне 64 адам эвакуацияланды, оның ішінде 17 бала. Барлығы Өзбекстан азаматтары.

3 сағаттан кейін сол автожолдың бөгет бекеттерінен тағы 54 Өзбекстан азаматы құтқарылды, оның ішінде 3 бала.

Жақсы ауданының құтқарушылары авариялық-құтқару жұмыстарын сәтті жүргізіп, құтқару эстафетасын Атбасар құтқарушыларына тапсырды. Бірақ бұл жолы Тәжікстан азаматтары құтқарылды. Сағат 23-25-те «Алматы-Екатеринбург» автожолында Екатеринбург қаласына жол тартқан рейстік автобус бұзылып, жылыту пункттеріне 71 адам эвакуацияланды. Медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

Сондай-ақ, «Астана-Щучинск» автожолында жылыту пунктіне Қазақстанның 2 азаматы орналастырылды.

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті Сізден автокөлікпен ұзақ сапарлардан бас тартуды сұрайды. Елді мекендерден тыс сапарды жоспарлау кезінде синоптиктердің болжамын тыңдаңыз, құтқару қызметінің SMS хабарламаларына назар аударыңыз. Автожолдардың жабылуы немесе ашылуы туралы Сіз «Дармен» мобильді қосымшасынан біле аласыз немесе 14-03 нөмірі бойынша «Қазавтожол» колл-орталығына жүгіне аласыз.