Түркияның кейбір аудандарында іздестіру жұмыстары тоқтады

Түркияның кейбір аудандарында іздестіру жұмыстары тоқтады
сурет: zakon.kz

Құтқарушылардың өздеріне қауіп төнді.

Сенбі күнгі кешкі мәлімет бойынша, Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 24 мыңнан асты. Тірі қалғандарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, бірақ неміс және австриялық құтқарушылар тонау мен атыс салдарынан апат аумағында жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Аlmaty-аkshamy.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Құтқарушылардың өздеріне қауіп төнді. Екі неміс ұйымы – Германияның халықаралық іздестіру және құтқару қызметі (ISAR) және Германияның техникалық көмек көрсету жөніндегі федералдық агенттігі (THW), одан кейін тағы бірнеше ұйым Түркияның оңтүстігінде құтқару жұмыстарын тоқтатты.

«Әртүрлі топтар арасындағы қақтығыс туралы хабарлар көбейіп келеді, сонымен қатар оқ атқан дыбыстар да естіледі», - деп түсіндірді ISAR өкілі Штефан Хайне.

ISAR және THW Түркияның Азаматтық қорғаныс қызметі Түркия төтенше жағдайлар басқармасы (AFAD) қауіп сейілгенін хабарлаған жағдайда, іздестіру жұмысына қайта кірісуге дайын екенін жеткізді.

Бұған дейін Австрия әскерилері Түркиядағы құтқару жұмысын тоқтатқан болатын. Олардың өкілінің айтуынша, кейбір топтар арасындағы атыс-шабыс пен мародерлік құтқарушыларға үлкен қауіп тудырып отыр.

Түрік билігі қақтығыстар немесе атыс туралы хабарлап жатқан жоқ, бірақ ел президенті Режеп Тайип Ердоған сенбі күні жер сілкінісінен зардап шеккен аймақта тонау фактілері бар екенін мойындап, билік шара қолданатынына сендірді.