Тұрғындар тыныштық қалайды

Тұрғындар тыныштық қалайды
almaty-akshamy.kz

Кафе-мейрамханаларды тұрғын үйдің астына орналастыруға тыйым салу керек пе?

Алматыда бір үлкен проблема бар. Ол туралы талай айтылып та, жазылып та келеді. Шаһар тұрғындары бұдан әбден шаршады. Мегаполисте тұрғын үйлердің жертөлесі немесе бірінші қабаты түрлі ойын-сауық ордасына, кафе-ресторандарға толып тұр. Бильярд залдары, сауна, караоке-бар, шағын маркет, дүкен, сән салоны, тіпті жекеменшік медициналық орталықтарға да берілген. Енді қатты қойылған музыкадан, тамақ пен темекінің иісінен жоғары қабатта тұратын тұрғындар зардап шегіп отыр.

ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ САҚТАЛМАЙДЫ

Өткенде ғана шаһарда 40-тан астам тұрғын бірінші қабатта орна­ласқан қоғамдық тамақтану орын­дарына шағымданды. Өз ісіне немқұрайлы қарайтын кәсіпкерлер оларға қолайсыздық тудырып қана қоймай, өміріне қауіп төндіріп жат­қанын жеткізді. Тұрғындардың ай­туынша, қайта жабдықталған та­мақтану орындарында қарапайым қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Газ құбырлары сорғыштардың ас­тына салынып, өрт қаупі жағдайын тудырады. Онымен қоса, коммунал­дық желілерге жүктеме артады. Тұрғындарға арналған ауладағы қоқыс жәшіктерін сол кафелер мен мейрамханалар пайдаланады. Алайда, қоқыс контейнерлері мұн­дай көп қалдыққа арналмағандық­тан тез толып, ернеуінен асып жата­ды. Осыдан кейін тұрғындар түрлі тиісті органдарға шағымданады.

– Мен бірінші қабатта орналас­қан мейрамханамен көп жылдан бері күресіп келемін. Өндірістік желдеткіштер, генератордың шуы миды жеп қояды. Онымен қоса, темекінің түтіні мен асүйден шық­қан жағымсыз иіс қолқаны қабады. Терезені ашу мүмкін емес. Әсіресе, қарт адамдарға қиын болып жатыр. Сондай-ақ, олар пәтер мен жертө­лені бұзып, аумағын кеңейтіп, қай­та жабдықтады. Бұл 1950 жылы салынған ғимараттың сейсмикалық төзімділігіне қатер төндіруі мүмкін. Осы туралы қайда шағымдансақ та, нәтиже жоқ. Олар тек әкімшілік жазамен құтылып кетеді, – дейді қала тұрғыны Тұралы Нұрланұлы.

МАСТАРДЫҢ АЙҚАЙЫ, ТӨБЕЛЕСІ БАСТАЛАДЫ

Шынында да, былай қарап тұр­сақ, ойын-сауық мекемелері мен қоғамдық тамақтану орындарын тұрғын үйлердің астына орналасты­руға тыйым салмай болмайтын секілді. Өйткені, мұндай мекемелер заңмен белгіленген нормаларды сақтамайды. Тіпті, олардың іргелес аумақтарды басып алып, жазғы террасалар тұрғызатыны жиі байқа­лады. Кейін оны қала құрылысын бақылау басқармасы сот арқылы бұздырып жатады. Онымен қоса, тұрғындардың өзінің көлігі сыймай тұрған аулаға кафе-ресторанға кел­ген көліктер сығылысып тұрып алады. Одан кейін түнде аулаларда шу, мастардың айқайы, төбелесі басталады. Бұл тұрғындардың жүй­кесін жұқартатыны сөзсіз. Түнде тастаған темекінің тұқылы да аула­ларда толып жатады. Оны мекеме иелері тазаламайды. Бұдан шыға­тын жалғыз жол – кафе-ресторан­дарды тұрғын үйдің астына орна­ластыруға тыйым салу.

Негізі, тұрғындар мен кәсіпкер­лер арасындағы дау-жанжал Алма­тыда жиі болып тұрады. Бірақ елімізде шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге бірнеше рет мораторий жарияланған. Өкінішке орай, осы жағдайдан кейін көпте­ген кәсіпкерлер тіпті қарапайым нормалар мен ережелерді ескер­мейтін болды. Енді мораторий енгізілді екен деп, кәсіпкерлер біл­генін істей беруіне бола ма? Аза­маттардың тұрғын үйлердегі қауіпсіз және қолайлы өмір сүру ортасына деген конституциялық құқы қашанғы таптала бермек?..

Қалай десек те, тұрғындар­дың жазбаша талабы бойынша тұрғын үйлердегі тамақтану объектілеріне тексеру жүргізілуі керек. Оған барлық пәтер ие­лерінің өкілі қатыстырылуы тиіс. Сондай-ақ, ондай жерде орналасқан кафе-ресторандар­дың ішінде темекі, кальян, электронды шылым тартуға тыйым салған жөн. Музыканың да бақырып шығуына шектеу қойған дұрыс. Сонымен бірге, тұрғын үйдегі қоғамдық тамақ­тану орындарын өрт қаупі жоға­ры нысандардың қатарына жат­қ ы з ы п , ол а р ғ а ө рт с ө н д і ру келісімдерін беру шартын қа­таңдату қажет.

 

Түнде мазаны алса, не істеу керек?

Пәтерді жөндеу, көңілді отырыстар, қатты музыка, бей­маза үй жануарлары – осының барлығы Әкімшілік кодекс бабы­ның бұзылуына себебі бола алады. Үнемі емес, тек түнгі уақыт­та – 22-ден таңғы 9-ға дейін.

Егер сіз жоғарыда айтылған жағдайлардың бірімен бетпе-бет келсеңіз, не істеу керек? Бірінші кезекте өзіңіздің көңіліңіз толмай­тынын ауызша айтасыз. Мысалы, музыканың даусы қатты қойыл­мауын сұрайсыз. Егер ауызша өтініштен кейін шу басылмаса, аталмыш жағдайда құқықтық тәртіп қызметінің көмегіне жүгінесіз.

ҚР Әкімшілік кодексінің «Тыныштықты бұзу» 437-бабына сәйкес: жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғын-жайда және оның сыртында шұғыл қа­жеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу, сол сияқты тұрғын ғимараттарда және тұрғын үй құрылысы аумақ­тарында орналасқан ойын-сауық орындарының жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзуы жеке тұлғаларға – 5, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, ірі кәсіп­керлік субъектілеріне – 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөл­шерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Сіз қалалық телефоннан 102, ұялы телефоннан 112 нөмірі бо­йынша қоңырау шалып полицияға жүгініп, учаскелік инспекторды шақыра аласыз. Инспектор әкімшілік құқық бұзушылықтар тура­лы осындай істерді ҚР ӘҚБК (Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекс) 685-бабының 2-тармағына сәйкес қарауға және ҚР ішкі істер органдары атынан әкімшілік жаза қолдануға құқылы.

Алайда, бұл күндізгі уақытта қалағанша шу шығаруға болады дегенді білдірмейді. Адамға әсер ететін физикалық факторлардың гигиеналық стандарттары әртүрлі үй-жайлар үшін шудың рұқсат етілген деңгейін белгілейді. Пәтерлердің тұрғын бөлмелері үшін бұл күндіз 40 дБ (ең көбі 55 дБ) және түнде 30 дБ (ең көбі 45 дБ) болуы қажет. Шу деңгейін өлшеу үшін азаматтар Денсаулық сақ­тау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жүгінуі керек. Олар бұзушылықтар анықталған жағдайда ӘҚБтК-нің «халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заң­нама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» 425- бабы бойынша әкімшілік хаттама жасап, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығара алады.

Тақырыпқа орай

Нұрғали ЖҰМАБЕКҰЛЫ, Алматы қаласының тұрғыны: Оларды қаланың шетіне көшіру керек

Ірі қалаларымызда ғана емес, облыс орталықтары мен ау­дандардағы шағын қалаларда тұрғын үйлердің астының бар­лығы түрлі мақсаттағы ойын-сауық нысандарына айналған. Қазір ондай жердерде кафе-ресторандар қаптап кетті. Бұл ретте аталмыш нысандардың жасөспірімдер мен балаларға қызмет етпеуін арнайы орындар қадағалап отыруы тиіс. Керек десеңіз, сауна, ойын автоматтары, букмекерлік кеңселер мен бильярд залдарын тұрғын үйге жолатпау керек. Олар сол жер­дегі тұрғын үйлердің мазасын ғана алып қоймай, сол үйлердің балаларының да тәрбиесіне кері әсер етіп отыр. Тіпті, балалар ғана емес, бүгінде ересектер де адам психологиясына кері әсер ететін әлгі нысандардың тұтқынына айналуда. Сондай-ақ, бүгінде сауналардың да кез келген жерден ашылып, бейберекет жұмыс істей бастағаны алаңдатады. Оларға мүлдем бақылау жоқ. Саунадағы тәртіпті қадағалап отыруға тиісті полиция қызметкерлерінің өзі сауна иелерімен ауыз жаласып алғанына байланысты факт көп кездеседі. Сондықтан саунаны тұрғын үйдің астынан ғана емес, жалпы қаладан аластатқан жөн. Олар қаланың шетінде, елеусіздеу жерде орналасуы тиіс.

Бақытбек ЖАҚЫПОВ,  кәсіпкер: Ірі сауда орталықтарына ойысқан дұрыс

Негізі, мен кәсіпкерлерге айтар едім, тұрғын үйдің бірінші қабатынан кафе ашу тиімсіз. Неге? Себебі, онда жұмыс уақыты шектеледі. Түнгі 11-ге дейін ғана жұмыс істей аласың. Одан кейін жабуға тура келеді. Сосын та­мақтану орнын ашқан соң, автономды сорғыш орнатасың. Дуалды тесіп, құбыр шығару үшін тұрғындардың келісімін, қала құрылысын бақылау басқармасынан рұқсат алуың тиіс. Бір сөзбен айтқанда, көппәтерлі үйдің арасына техникалық сорғыш орнату қымбатқа түседі. Онымен қоймай, тұрғындардың шағымы мен тиісті органдардың үнемі тексерісі жүйкеңді жұқартады. Бәрібір тұрғындар өздерінің тыныштығы үшін күресе береді. Халық сотқа дейін шағымданып қағаз, қаулы және сот шешімдерінің үйіндісіне көмілесің. Осы керек пе? Қазір заң күшейіп келеді. Бұрынғыдай айыппұлмен құтылып кету қиын. Сондықтан лажы болса, ірі сауда орталық­тарына, супермаркеттерге көшу қажет. Адамдар ондай жерлерге көп келеді. Бала-шағасымен қыдырады. Олардың жоқ дегенде 25–30 пайызы кафе мен мейрамханалардан тамақтанады. Осындай ірі сауда орталығына көшсеңіз, тұрғын үйдің ғимаратын бұзып шығындалмайсыз, көп қаражат жұмсамай- ақ, келушілерге қызмет көрсете аласыз. Есесіне, жаныңыз тыныш болады. Пайда да табасыз. Ең бастысы, дұрыс орын таңдап, адам көп жиналатын орталыққа жайғассаңыз, қызметіңізге жүгінетіндер аз болмайды.

Асқар МҰРАТҰЛЫ, инженер-энергетик: Бақылауды күшейту қажет

Қанша дегенмен, кез келген құрылыс ны­саны бас жоспарда көрсетілуі керек. Барлық қаланың арнайы бас жоспары болады. Сонда барлығы талапқа сай алдын ала көрсетіліп, нақтылануы тиіс. Әр қаланың алдағы 15–20 жылдағы даму функциясына сай бәрі айшық­талуы керек. Мұның сыртында бас жоспарда ескерілмей тұрғызылған нысандар заңсыз болып саналады. Бірақ кейінгі жылдары көп­теген тұрғын үйдің асты түрлі ойын-сауық ордаларына, саунаға, бильярд залына айна­луы жиілеп кетті. Мұның барлығын қалалық әкімдікке қарасты Қала құрылыс бақылау мекемесі қадағалап отыруға міндетті. Алайда, бүгінде тұрғын үйлерде ойын-сауық ордасы азайып келеді деп ауыз толтырып айта алмай­мыз. Сондықтан осы саладағы болып жатқан заңсыздықтарды тыю үшін тиісті орындар тарапынан бақылауды күшейту қажет.