Тоқаев Илон Маск феномені туралы сөз қозғады

Тоқаев Илон Маск феномені туралы сөз қозғады
Сурет: Ақорда

Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ

Президент "Жаңа адамдар" жастар қозғалысын құру туралы бастаманы құптап, белсенді жас қазақстандықтарға әрдайым қолдау көрсетететін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  

Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті түбегейлі жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі реформалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануы маңызды. Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ. Қазір заман басқа, яғни маңызды шешімдердің уақыты, серпіліс жасайтын сәт. Жастар болмаса, мұнымен кім айналысады? Қазір Илон Масктың тәжірибесі мен өмірлік ұстанымын үлгі ету үрдіске айналды. Иә, ол отбасымен бірге шалғай провинциядан Америка Құрама Штаттарына келді. Өзінің креативтілігінің, батылдығының, өзіне тән ерекшелігінің арқасында "Илон Маск феноменін" қалыптастыра алды. Мұндай мысалдар өте көп. Жақында мен Нью-Йоркте Американың жоғары оқу орындарын бітіріп, америкалық компанияларға жұмысқа орналасқан жастарымызбен кездестім. Мен оларға: "Біз сіздерді Қазақстан азаматтары деп білеміз. Сіздер – қазақсыздар. Нью-Йорк немесе Еуропа елдері болсын, әлемнің дамушы елдері болсын, қай жерде жұмыс істесеңіз де, қазақ болып қаласыздар" деп айттым, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жастар өкілдерін толерантты, дамыған қоғамды бірге құруға шақырды. Мемлекет басшысының пікірінше, жастар өзін-өзі ұдайы жетілдіріп, жан-жақты дамытып, тіл үйренуі қажет.

Мемлекет басшысы жауапкершілік мәселесін де қозғады. Президенттің айтуынша, тек  жауапкершілігі бар азаматтар ғана өзінің мемлекеті үшін міндеттеме ала алады.