Тіркелгенсіз бе?

Тіркелгенсіз бе?
almaty-akshamy.kz

Қалада ресми тіркеусіз тұру фактілері жиілеген

Күз басталғалы қалада тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеу мәселесі күн тәртібіне шықты. Алда келе жатқан маңызды науқан – Президент сайлауына байланысты бұл мәселе, тіпті, өзекті бола түсті.

 Үлкен қалада, әсіресе, Алматыда еңбек етіп немесе білім қуып жүрген тұрғындар тұрғылықты мекенжай бойынша уақытша тіркеуде бар ма?  Тіркеусіз жүрудің салдары қандай?  Жұмыс орны тіркеуде тұруды талап еткен жағдайда не істемек керек?

 Қазір қала халқының саны артуда.  Әртүрлі себеппен ағылып келіп жатқан халықтың дені пәтер жалдап тұрады. Пәтер жалдаушылар уақытша тұрғын болып саналмайды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 23-бабының 3-1-тармағы пәтер иесін немесе жалға берушіні жалға беріліп отырған тұрғынжайда тұратын адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеуге міндеттейді.

 Елімізде 2011 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заң бар.  Сол жылдан бері онда 51-баптың 2- тармағында ішкі көшіп-қонушылар, яғни елдің басқа аймағынан екінші аймағына өз еркімен қоныс аударатын азаматтар тіркелуі тиіс делінген.  Жақында ҚР ІІМ өкілдері тұрғылықты жері бойынша тіркелмегені үшін айыппұл бар екенін мәлемдеді. Себебі, соңғы уақытта ресми тіркеусіз тұру фактілері жиілеп кеткен.

Заңда әрбір азамат жеке тұрғын үй болсын, жалға берілетін немесе тұрақты тұратын басқа тұрғын үй болсын, өзі тұратын жерде тіркелуі керек екені көрсетілген. Әйтпесе, тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі жоқ адамдарға кейбір мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде шектеулер қолданылады. Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеусіз тұрғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабында 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға дейін жауапкершілік көзделген. Бүгінгі күні ол 21 мыңнан астам теңгені құрайды.

Осыған орай, мамандар барлық азаматты заңға бағынуға шақырады. Уақытша тіркелген меншік иесі сізді тіркеуден шығарып тастаған жоқ па, үнемі тексеріп отырғаныңыз абзал. Бұл басқа қаладан келген студенттерге де қатысты. Олар оқу орнында тіркелу керек.  Көші-қон заңнамасының талаптарын сақтамаған жағдайда жауапкершілікке тарту барын ескертіп келеді.

Кейбір заңгерлер «бұл ереже адам құқығын бұзып, еркін жүріп-тұруын шектейді» деген пікірде.

Гүлзат МЕРГЕНӘЛІҚЫЗЫ, заңгер:

 

  • Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабында 1-бабында көрсетілгендей, Қазақстан Республикасы азаматтарының күнтізбелік он күннен бір айға дейінгі мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша, уақытша болатын тұратын жері бойынша тiркеусіз жүрсе,  ескерту жасауға әкеп соғады. Ал  азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеусіз тұрғаны үшін  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабында 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға дейінгі жауапкершілік көзделген, 2022 жылы 1 айлық есеп  көрсеткіш 3063 теңге болды.

  Осы әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет үшін он үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. 1АЕК 3063 теңге  он үш айлық есептiк көрсеткiш 39819 теңге  болады,  екінші рет қайталаған  жағдайда  және Қазақстан Республикасында шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның күнтізбелік он күннен астам мерзімде тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз не тұруға ықтиярхатсыз немесе азаматтығы жоқ адам куәлiгінсiз не тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адам куәлігі жарамсыз болып тұрақты тұруы, сондай-ақ, ішкі істер органдарын құжаттың, тұруға ықтиярхаттың не азаматтығы жоқ адам куәлігінің жоғалғаны туралы уақытылы хабардар етпеуі он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде,  30630 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.

 Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейін бір жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер  жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ол 61260 тенге  болады. Осындай айыппұл төлемес үшін тіркеуден шығарып тастаған жоқ па, үнемі тексеріп отырған жөн. Тіркелген жеріңізді қараңыз. Егер сіз тұрғылықты жеріңізді өзгерткен болсаңыз, онда сіз жаңа тұрғылықты мекенжайға тіркелуіңіз керек.  Бұл басқа қаладан келген студенттерге де қатысты. Сіз өзіңіздің оқу орныңызға тіркелуіңіз керек. Мұны мүмкіндігінше тез арада жасаған абзал.

Тіркелудің қарапайым әдістері бар. Біріншіден,  ХҚКО-ның кез келген бөлімшесіне жеке куәлікпен бару, сондай-ақ сол жерде келісім беру үшін тұрғын үй иесінің қатысуы жеткілікті. Екіншіден, азамат тұрғылықты жері бойынша «электрондық үкіметтің» интернет-порталы арқылы тіркеуге өтініш бере алады. Ал үйдің иесі Egov порталы арқылы да келісім бере алады. Үшіншіден, «Халық банкімен» бірге Appstore мен PlayMarket арқылы жүктеуге болатын банктің мобильді қосымшасында жеке басын растау, тіркеу және иесінің келісімі SMS-пароль арқылы жүзеге асырылады. Тіркеу процедурасы шамамен 1 минутты алады.

*Біле жүріңіз!

Елімізде тұрғылықты жер бойынша тіркелудің 2 әдісі бар.  Тұрғындар Халыққа қызмет көрсету орталығы және eGov.kz сайты арқылы тіркеле алады.

  Қажетті құжаттар тізімі мыналар:

*жеке куәлік, 14 жасқа дейінгі балаларға туу туралы куәлік;

*тұрғын үй иесінің жеке куәлігі;

*меншік иесінің тұрақты немесе уақытша тіркеуге жазбаша немесе электрондық келісімі. ХҚКО-да меншік иесінің болуы міндетті.

*Портал арқылы тіркелу кезінде пәтер иесі келісімге ЭЦҚ-мен қол қоюы тиіс;

* Қызметтік ғимараттарда тіркеу кезінде әкімшілік тарапынан жұмыс орнында тіркеу туралы өтініші керек.

*Тұрғылықты жерге eGov.kz арқылы тіркелу үшін міндетті түрде ЭЦҚ кілті болуы керек.   


Әзірлеген Гүлжанат СЕМБАЕВА.