Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры

Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры
ernur.kz

Құмшарық


Бүгінгі таңда дүние жүзі бойынша алғанда, қолданыстағы 6 мыңнан астам тілдің жартысына жуығы жойылып кетудің алдында тұр. Өйткені шамамен алғанда, әлемде ай сайын ең кемі 2 тіл өліп отырады. Мамандардың тұжырымдауынша, белгілі бір тілдің өмір сүруі үшін ол тілде сөйлеушілердің саны жүз мыңнан кем болмауға тиіс. Әсіресе оны үйренуші балалардың қатары 30 пайыздан аспаса, кез келген тілдің болашағына қатер төнген болып есептелетін көрінеді.

Бұл ретте қауіп ең алдымен, аз ұлттардың тіліне төнетіні күмәнсіз. Осыдан біраз жыл бұрын шетелдік әлдебір басылымда Мексикадағы үндістер тайпасының тілі жойылғаны жөнінде ақпарат беріліп, қаралы хабарға: «Үндістердің тілі ұзақ өмір сүргендей де екен. Бірақ оның көрші тұрған соңғы екі тұтынушысы кенеттен ұрсысып қалыпты да, бір-бірімен сөйлеспей қойыпты...» деген трагикомедиялық мән үстеліпті. Бұдан не ой түюге болады? Демек, тіл де адам тәрізді. Яғни мезгілі жетіп, демі таусылуы да, сондай-ақ, қысастықтан, зорлық-зомбылықтан тіршілігін тоқтатуы да мүмкін. Қысастықтан болатын «өлімге» сыртқы факторлар, яғни үстем ұлттың басым мәдениеті себепкер болады. Қалай дегенмен де, тіл – тірі организм. Және ол қарсыласуға қабілетті. Мысалы, байырғы ұстыны, ерекшелігі айтарлықтай өзгерістерге ұшырағанына қарамастан, Еуропа тілдерінің кельт тобына жататын валий тілі бәрібір сақталып қалды. Сол сияқты, қайта жаңғырған иврит, хинди тілдері де бұған дәлел.  

Әдетте, мәдениет тарихын зерттеушілер: «жойылып кеткен немесе жойылудың алдында тұрған тілдің тағдырын уайым етіп, соншама қабырға қайыстыру қажет емес» дейді. Мұның мәнісі – Гомердің «Иллиада», «Одиссей» поэмалары «сөйлеген», Афины әдебиеті мен философиясының алтын ғасырын жасаған, сондай-ақ ұлы Рим империясының екінші ресми тілі болған ежелгі грек тілі мен мәңгілікке өшпестей болып көрінген латын тілінің де тарих сахнасынан кейінге ысырылғанына қарап, олардың мұны заңды құбылыс санайтындығында. Бірақ ақын-жазушылардың бұл реттегі ойы мүлде өзгеше. Мәселен, әйгілі «Жүзік әміршісі» фильмінің сценарий авторы, ағылшын жазушысы Джон Толкин валлий тілінің сақталып қалғанына байланысты мистиканы: «Бұл тіл – бәрімізге соғылған алғашқы қоңырау » деп нақтыласа, Томас Стернс Элиот деген тағы бір классик: «Егер норвег тілінде өлең жазу тоқталса, мен бұдан дерттің белгісін, құлдыраудың басын көрген болар едім» деп тебіреніпті.

Қысқасын айтқанда, үлкен ақыл-парасат иелерінің тіл тағдырына байланысты алаңдаушылығын дағыстандық ақын Расул Ғамзатовтың: «Туған тілім ертең жоғалар болса ­– мен бүгін өлуге дайынмын» деген уәжімен тұжырымдауға болады. Ал біз ше? Біз бүгін сол Расул Ғамзатов сияқты айта алар ма едік?! Және оған қаншалықты негіз бар?.. 

 

  • Ұрпақтың обалы кімге?..

Әрине, тіл төңірегіндегі мәселе атаулыны түгел санап шыққаннан еш қайыр жоқ. Сондықтан әңгімені жоғарыда қозғалған жайттарға орай ғана өрбітіп көрелік. «Тілдің де, ұлттың да болашағы – балалар»  десек, мысалы, біз бүлдіршіндеріміздің, жасөспірім буынның ана тілімен сусындап өсуіне, елжанды, ұлтжанды азамат болып ержетуіне қаншалықты қолайлы орта қалыптастыра алдық?.. Балабақшадан, мектептен қазақша білім-тәрбие алғанымен, телеэфиріміз, ғаламтор толған – орысша мультфильмдер, шетелдік киноөнімдер. Отандық телеарналар вакуумдік кеңістікті әйтеуір толтыру мақсатында ойдан-қырдан жиып-теріп, аударма дүниелер берген болады. Бірақ солардың ұлт ұрпағының қалыптасуына қандай ықпалы бары ескеріле бермейді. Дегенде, еріксіз Ресейге қарайсың. Олардың «Теленяня», «Детский», «Детский мир» деген арналары таңның атысынан күннің батысына дейін тек қана балалардың жырын жырлап, жоғын жоқтап жатады. Танымдық хабарлар керек пе, ойын-сауықтық па, қойшы, әйтеуір бағдарламалардың түр-түрі бар. Мұның сыртында, кез келген арнадан балаларға қатысты педагогика, психология, денсаулық мәселелерін қозғайтын тұрақты хабарлар беріледі. Еңбектеген баласы мен еңкейген кәрісіне дейін туған тілінде түсінісетінін былай қойып, күллі ғылым-білімі, техникасы өз тілінде «сөйлейтініне» қарамастан, солардың белді басылымдарының көпшілігі «Орыс тілі сабағы», «Туған тіл», «А-дан Я-ға дейін», «Қайнар сөз» іспетті тұрақты айдарлар жүргізіп отыр. Соның өзінде ұлттың бүкіл зиялысы: «Тіліміз қағажу көріп жатыр», «Орыс тілін қалай құтқарамыз?» деп шулайды да жатады. Ал біз болсақ, тіл мәселесіне әбден жауыр болған, ығыр еткен тақырып деп қараймыз. Өзгелер саяси-әлеуметтік деңгейде қарастырып жүрген тіл мәселесінің бізде тек азғантай топтың, нақтырақ айтқанда, тіл мамандарының ғана бас ауруы іспетті болып отырғаны өкінішті...     

«Балапан» арнасынан басқа арналарда балаларға арналған тұщымды бағдарлама, хабардың жоқтығы өз алдына, қазақтың киногерлері мен қаламгерлері де кішкентай періштелердің көңілін қалдырумен келеді. Сөйтіп, өз ұрпағының өзге мәдениетке еріксіз бой ұруына жол беруде. Оның салдарын көріп те жүрміз. Мысалы, қазіргі жастардың көпшілігі өз ойын жинақтап айта алмайды. Демек біз ұрпағымыздың обалына қалдық. Өйткені тілші-ғалым Нұргелді Уәлиевтің пікірінше: «Тілдік дағдысы нашар осындай адамдардан ойлау жүйесі нашар әлеуметтік топ пайда болады. Ең өкініштісі, пайда болды да».     

Жаһандану үрдісі ерекше қарқын алып келе жатқан қазіргідей уақытта күрескерлік қабілеті жоғары тілдің ғана тұғырында қалатыны түсінікті. Өкінішке қарай, ана тіліміздің күрескерлік қабілетін арттырудың орнына, біз немқұрайдылығымызбен оны  өзіміз аяқасты етіп, төмендетіп жүрміз. Нұргелді Уәлиевтің бұл реттегі ойы: «Егер тілге жақсылық жасалса, ол қоғамды көтереді, көркейтеді. Себебі тіл – ойлаудың құралы. Тіл мен қоғам бір-бірі көтеріп отыруы керек. Тіл басылды деген сөз – қоғам басылды деген сөз».

Қысқасын айтқанда, біздің ана тілімізге деген көзқарасымыз бен қарым-қатынасымыз жоғарыда айтылған үндістердің трагикомедиялық халіне қатты ұқсас. Қаласақ, сөйлейміз, қаламасақ, жылы жауып қоямыз. Онымен қоймай, сол еренсіздігімізді күллі қоғамға таңуға, таратуға тырысамыз. Жер-жерде мектепті таза қазақ тілді етіп ашуға қарсылық білдіріп, аралас тілді болуын талап еткендерді де көзіміз көрді. Ең өкініштісі, солар осы әрекетімен ана тілін, өз ұлтын жарға итеріп отырғанын аңғармайды да...

 

Бір пікір

Нұргелді УӘЛИЕВ,  тілші-ғалым:

­­– Тілді әр ұрпақ өзінше байытуға тиіс. Бірақ кейбір ұрпақ қарыздар болып қалады. Қазіргі жағдайымыз да сондай. Мұның көп жағы бар. Мысалы, қазақта көркем ойлау басым. Екінің бірі көсіліп, көркем сөйлеп береді. Ал ғылыми тіліміз неге шорқақ? Неге кібіртіктеп қаламыз? Рас, білімді, білікті, керемет ойшыл адамдар бар, көзқарасы да, дүниетанымы да басқаша. Басты қасірет – олардың сол таным-түсінігі, білімі арқылы туған тілін тұлғаландыра алмауында. Неге бұлай? Яғни олар дүниеге өзінің емес, өзгенің тілінен жинақталған таныммен қарайды...