Алматы кеші көңілді

Алматы кеші көңілді
Суреттер: О.Жолдыбай

Ойын-сауық кім-кімнің де көңілін жадыратады

Алматының Көктем-1 шағынауданында тұрамын. Бізге Хамит Ерғали жағалауы жақын. Бәлкім, сондықтан болар, сол маңда серуендегенді жақсы көрем. «Дүниеде мәңгі екі нәрсеге қарап тұра беруге болады, ол от пен су» депті философтар. Расында да, жоғарыдан төмен құлап ағып жатқан сарқырама, өзенді көрсеңіз, тынығасыз. Ал алауды айтсаңызшы! Кешқұрым қызыл жалын романтикаға бөлейді. Бір сәт тірліктен ойды бөледі.

Сондай сезіммен көшеге шықтым. Су арнасының бойында қазақтың жас жігіттері әндетіп жатыр екен. Айналасы үлкенді-кішілі адам, бала-шаға. Аса шабыттанғандары қолындағы тиын-тебенін тастауда.

Мен де біршама тыңдадым. Орнымнан көтеріле бергенде, «Титаник» фильміндегі саундтрек орындала бастады. Бұл нағыз ғашықтар әні. Қорыта айтқанда, күнделікті жалғасын тауып отыратын тамаша кештердің бірегейіне балап, үйге оралдым.