Тазалық — саулық кепілі

Қаланы күнделікті қоқыстан тазарту жұмыстары қалай жүргізіледі? Бұл мәселеде алматылықтардың мәдениеті қай деңгейде? Қоқыс шығару тарифін кім белгілейді деген сауалдар төңірегінде Алматы қаласы Тұрғын үй шаруашылығы басқармасының маманы Елдос ЖАЛБАҒАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Алматыда тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметімен қанша мекеме айналысады?

– Күн жылынып, қардың көбесі сөгілер күн де алыс емес. Енді қыс бойы қар астында жиналған қоқыстарды тазарту жұмыстары басталады. Бұл онсыз да тынымсыз еңбек ететін тазалықшылардың жұмысын еселей түседі. Сондықтан ең бірінші қала тұрғындары аула тазалығына мән беріп, үйден шығарған қоқыстарын арнайы жәшіктерге тастағаны дұрыс. Жалпы, күн сайын қаланы қатты тұрмыстық қалдықтардан арылту бағытында 25 мекеме жұмыс істейді.

– Тұрғындардың көпшілігі үйінің қасындағы контейнерлердегі қоқыстың уақытылы алынбайтынына шағымданады. Талап бойынша қоқысты қай уақытта алып кету керек?

– Бір қарағанда оңай көрінгенімен, бұл жұмыстың да өзіндік ауыртпалығы бар. Қоқыстарды төккеннен кейін айналасын тазалап, ретке келтіру де біраз уақытты алады. Мегаполистен қоқыс полигонына бір тәулікте 800 тоннаға жуық қалдық жөнелтіледі. Тазалықты сақтауға жауапты мекемелер қоқысты кесте бойынша шығарады. Яғни күні бойы жиналған қоқыстан тазарту жұмыстары сағат 6.00-де басталып, кешкі 19.00-ге дейін жалғасады.

– Тұрғын үй мен қоқыс контейнерінің арақашықтығы қанша болуы керек? Жалпы, бұл мәселеде тұрғындардың мәдениеті қандай?

– Біздің қоғамда қоқысты сұрыптап, оны арнайы жекелеген контейнерге салу мәдениеті қалыптаспаған. Кейбір адамдар қоқысты контейнерге дейін жеткізбей, көрінген жерге лақтырып кетеді. Көпшілігі балаларын жұмсайды. Олар да дәл солай, қоқыс жәшігіне жақындамайды. Себебі, үйдегілер балаларына: «қоқысқа жақын барма, ол жер лас» деп үйретеді. Бұл біздің қоқыс төгу мәдениетіміздің төмендігін көрсетеді. Ата-ана – баланың айнасы. «Бала көргенін істейді, естігенін айтады» дейді. Сондықтан алдымен ата-ана баласына өзі үлгі болып, қарапайым ғана қоқыс тастау этикасын үйреткені жөн. Бұл біріншіден, жеткіншектің қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертеді. Екіншіден, шашылған қоқысты тазалап жатқан еңбек адамына деген құрметін арттырады.

– Кейде тұрғындар рұқсат етілмеген жерлерге де қоқыс тастайды дедіңіз. Оларға қандай да бір шара қолданыла ма?

– Алматының тазалығы, оның көркейіп көгалдануы барлығымыз үшін ортақ міндет. Әйтсе де, арамызда қаланы таза ұстауға арнайы қызметкерлер ғана жауапты деп түсінетіндер де бар. Мәселен, көпқабатты тұрғын үйдің иелері қоқыстарын есік алдына қоя салуды әлі жалғастырып келеді. Ал жеке сектордың тұрғындары қоқысты көше бойына үйіп қояды. Бұлай болмайды. Тұрмыстық қалдықтар көпқабатты үйлердің жанындағы арнайы контейнер алаңдарынан шығарылса, жеке секторларда кестеге сәйкес аптаның белгіленген күні шығарылады. Айта кететін жайт, жеке тұрғын үй иелері қалдықтарды жинау үшін көлемі шағындау контейнерлер ұстауға құқылы. Қалдықтарды көшелердің жүретін бөлігіне, сондай-ақ жеке тұрғын үйлерге қарасты аумаққа үйіп, жинауға жол берілмейді. Ал қоқыс шашылып, айналаны бүлдіріп жатса, тазалыққа қатысы бар мекемелер мен құзырлы орган қызметкерлерінен құрылған комиссия ескерту жас айды. Одан нәтиже шықпас а, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Заңның 505-бабы бойынша айыппұл салынады.

– Қала тұрғындары үшін қоқыс шығару құны қанша және бұл тарифті кім белгілейді?

– Еліміздегі басқа өңірлерде коммуналдық қоқысты жинау, шығару мен утилизациялауға арналған тариф әртүрлі. Ол арнайы әдістеме бойынша заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға арналып бекітілген. Қалдықтарды басқару қауымдастығының мәліметінше, ең төменгі тариф 84 теңгеден басталып, 550 теңгеге дейін жетеді. Алматыда әр тұрғын үшін қоқыс шығару құны – 553,04 теңгені құрайды. Бұл тариф Алматы қаласы мәслихатының 2017 жылғы 15 қыркүйектегі №146 шешімімен бекітілген. Ал бұл тариф Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 1 қыркүйектегі №404 бұйрығымен бекітілген арнайы тарифті есептеу әдістемесі негізінде әзірленген.

– Жаз кезінде тұрғындар үйге жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Үйден шыққан құрылыс қалдықтарын ортақ контейнерлерге тастауға бола ма?

– Жоқ, болмайды. Өйткені, құрылыс қалдықтары арматура, бетон сияқты заттардан тұратындықтан, олар тұрмыстық қалдықтарды шығаруға арналған көліктерге есептелмеген. Алматы қаласының көріктендіру ережесіне сәйкес әрбір тұрғын қатты заттарға жеке ақы төлеуі тиіс. Ол үшін қоқыс шығару қызметімен айналысатын мекемеге хабарласып өтініш беруі қажет. Мекеме мамандары қатты заттардың көлемін текше метрмен есептеп, төлемақысын шығарады. Сонан соң жұмысшылар келісілген уақытта арнайы техникалармен келіп алып кетеді.

Әңгімелескен – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?

  • Бір адам жылына 1381 тоннаға жуық қалдық шығарады екен.
  • Сингапурде қоқыс тастағаны үшін 500-ден 1000 долларға дейін айыппұл төлейді.
  • Малайзияда жерге тасталған сағыз үшін 1 ай қоғамдық жұмысқа жегіледі және 500 доллар көлемінде айыппұл арқалайды. Тайландта да солай, қоқыс тастағаны үшін 600 долларға дейін айыппұл салу тәртібі бар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *