Тарихи нысаны көп Алматы

Ел тәуелсіздігінде Алматының алатын орны ерекше. Себебі, дәл осы алып шаһарда халқымыздың ғасырлар бойы армандаған Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланды.  

 Алматыда сол кезеңдегі тарихтан сыр шертетін ғимарат көп. Бүгінде олардың барлығы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен тарихи келбетін сақтай отырып, күрделі жөндеуден өткен. Дәл осы ғимараттар шаһардың сәулетін арттырып, шырайын ашып тұр.

Тәуелсіздік жылдарында Алматының дамуы тоқтаған емес. Еңселі шаруалар еңсерілген алып шаһарда зәулім үйлер мен сәні мен сәулеті жарасқан биік ғимараттар көбейді. Қала әдемі кейіпке енді. Мәдени-рухани өмірінде де жетістіктер, ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалықтар аз болған жоқ. Ғылым мен техника саласында, медицина мен спортта та тұғырымыз биіктей түсті. Тіпті, жер-жаһанды дүрліктірген пандемия кезінде де Алматының тіршілік қазаны қайнап жатты. Бүгінде «Жаңа Алматыда» жаңалық көп. Әсіресе, «Шетсіз қала» қағидаты негізінде қыруар шаруаның басы қайырылды. Қалаға кейіннен қосылған елді-мекендердегі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы түзеле бастады. Ауыз су, жарық, жол мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне ерекше басымдық берілген.

Мәселен, биыл шаһарда 30 білім беру ошағын қолданысқа беру көзделіп отыр. Дәлірек айтқанда, барлығы 12600 орынды құрайтын 8 жаңа мектеп салынады. 8 263 орынға арналған 17 қосалқы ғимарат және 460 орын болатын 5 мектепке дейінгі мекеме бой көтереді.

«Шетсіз қала» және «Жасыл Алматы» бағдарламасы шеңберінде қала әкімінің тапсырмасы аясында жасыл желекке  73 гектар жер бөлінген.  Жалпы алаңға 35 мыңға жуық түрлі ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.

Алматының экономикасын дамытуға оң әсер беретін Индустриалдық аймақтың да берері мол. Сарапшылар индустриалдық аймақтың жоғары техниологиялық және бәсекеге қабілетті өндірісті құру, өнімнің жаңа түрлерін дамыту және инвестиция тарту саласындағы мемлекеттік маңызы бар жоба екеніне еш күмән келтірмейді.

Интеллектуалдық элита шоғырланған Алматы – тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Білім мен ғылымның, спорт пен мәдени ошағы. Бизнесі қанат жайған қала. Сол себепті Алматының 30 жылда сан түрлі сынақтарымен қатар, жетістігі мол жемісті жылдары көп болды.

Бүгінде Алматы көз алдымызда күн санап дамып келеді. Мұндағы жетістіктер мен бой көтерген әдемі ғимараттардың әрқайсысымыз үшін маңызы зор. Құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр.

Мәселен, өткен жылы Алматыда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында  4 000-ға жуық пәтер бой көтерген. Осыған орай баспана мәселесі шешімін тауып, тұрғын үйге қол жеткізген көп балалы отбасылар мен жастардың қатары көп. Жыл өткен сайын көрікті мекені көбейіп, биік ғимараттары бой көтерген Алматы әлі де дамуын тоқтатпайды. Ол – анық.

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *