Тамара МҰХТАРХАНҚЫЗЫ: Үлкенді сыйлау мектебі абзалдық пен  ізгілік нәрін қалыптастырады

Тамара МҰХТАРХАНҚЫЗЫ: Үлкенді сыйлау мектебі абзалдық пен  ізгілік нәрін қалыптастырады

Осынау қимылы жылдам, сөзі нық, жүрген жерінде жастарға жалын беріп жүретін  кісіні көрген сайын бойымды мақтаныш кернейді. Сірә, «қайран, біздің аналар арды ойлаған» демекші, ардақты ана, ұлтының болашағын ойлаған ұлағатты ұстаз осындай болса керек. Қаламыздың ең белсенді тұрғыны, белгілі қоғам қайраткері Тамара Мұхтарханқызы бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, еліміздің өркендеуіне үлес қосумен келе жатқан танымал тұлға. Үнемі ізденіс үстінде жүретін жан. Мемлекеттің  жүргізіп отырған саясатын бұқара арасында насихаттауда да өзіндік мәнері бар. Өзін қоғамнан жеке-дара, бөлек ұстамайтын Тамара Шәкірова - қала қарияларының қамқоры, бүгінде Жетісу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрайымы. Біз Тамара Мұхтарханқызына жолығып, Ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары төңірегінде әңгімелескен едік.

Жастар түзу жолмен жүріп, адаспаса екен деймін

 –  Тамара Мұхтарханқызы, сіз үнемі қарттарымызға құрмет көрсетудің ерекше үлгісін танытып келе жатқан жансыз. Қазіргі таңда өзіңіз басшылық етіп отырған Ардагерлер кеңесі қандай  жұмыстар атқарып жатыр?

   –  Менің бүкіл саналы ғұмырым оқу-ағарту саласында өтті. Балалармен біте қайнасып жұмыс істеген соң ба, қашанда жас ұрпақтың тәрбиесіне жаным ауырып отырады. Солар  түзу жолмен жүріп, адаспаса екен деймін. Кезінде қаламыздағы автомеханика колледжінде ұзақ жыл басшылық қызметте болдым. Талай тағдырдың түзу жолға түсуіне себепкер болған едім. Одан  мен де, олар да жаман болған жоқ. Әлгі балалардың алды қазір  елуден асып кетті. Әлі күнге дейін «апай, қалайсыз?» деп тұрады. Мереке сайын жағдайымды сұрап, хабарласып жатқандары. Ұстаз адамға бұдан артық бақыт бар ма? Зейнетке шықсам да, үйде қарап отырмайын деп, қоғамдағы өзгерістерге өзімнің үнімді қосып отырамын. Кезінде  «Аудандық Ардагерлер кеңесіне сізді лайық көріп отырмыз» деп жауапты мекемелер ұсыныс жасаған соң, келіспеске лажым қалмады. Содан бері ұжымдасып, ұйымдасып қызмет етіп жатқан жәйіміз бар. Бұл дегеніңіз, есігі бір жабылмайтын мекеме ғой. Күніне бірнеше қоңырау соғылып, трубканың ар жағындағы  қарияның көңіл кілтін табуға тырысып отырғаным. Күн сайын қарияларымыздың бірі өтініш айтып, бірі тілегін арқалап бас сұғып жатады. Барлығының өзіндік бұйымтайы бар. Жасы келген кісіге керегі көңіл ғой. Өзінің бүкіл өмірін қоғамның бел ортасында өткізген қарияларға үйде отырып қалу да қиынға соғып жатады. Алматы қаласы әкімшілігінің қарияларға арнап «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын ашып беруі де сондықтан болса керек. Кейде көңіл-күйі болмай, еңсесі түсіп келгендерді еркелетіп, арқасынан қақсаң, балаша қуанып шыға келеді. Әрине, жасы келген кісі болған соң, денсаулығына шағымданып, дертіне дауа іздеп келеді. Қарттыққа жетудің өзі бір арман болды. Бұл да бір адамның кемеріне келген кемел шағы ғой. Мұндай шақта қариялар бала құсап, адамнан жылылық күтсе, енді біреулері ішіндегі әңгімесін сыртқа шығарғысы кеп тұрады. Сондай кезде олардың көңілін қалдырмауға, тыңдауға тырысамын. Ауданымызда тұрып жатқан қариялардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл ардагерлері мен  зейнеткерлер бар. Міне, осы кісілердің бүкіл жас өмірі мен күш-қайраты  еліміздің өркендеу жолында өтті. Денсаулықтары сыр беріп, зардабын әлі күнге тартып жатқандары да бар. Міне, осындай кісілерге қалай қолдау көрсетіп, қамқор болмасқа...  

Ардагерлер кеңесі – ең алдымен үлкенді сыйлау мектебі! Екіншіден, ұрпақтастар сабақтастығын қалыптастыратын қазыналы орта. Қазіргі таңда аудан көлемінде  тұрып жатқан бір кездегі бейнеттің зейнетін көріп, өткен өмірлері тарихқа айналған қарияларымызды ақылдың кені, тәлім-тәрбиенің  қазынасы десек болады. Менің бір қуанатыным, қай-қайсы да қартайдық екен деп, қолдарын қусырып, қарап отырған жоқ. Қайта қазірдің өзінде жас ұрпақ тәрбиесіне өз үлестерін қосып, қаламыздың ажырамас құндылығына айналып отыр. Мәселен, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын талқылау, қала басшысының тұрғындармен кездесуі, ардагерлердің конференциясы дейсіз бе.... қандай іс-шара болмасын, қарттарымыз белсенділіктерін танытып жатқаны. Ардагерлер кеңесі жұмысына қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов үнемі қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп, қамқорлап отыратынын айта кеткеніміз жөн.

 

«Қарттарын қадірлеген ел ардақты»

 

  –  Қарттар айлығының басы-қасында жүресіз... Осы жұмыстар тек науқандық сипатқа ие ме, әлде жыл бойы жалғаса ма?

 –  Біздің халқымыздың үлкенді сыйлайтын жақсы қасиеті бар ғой. Қанға сіңген қасиетке кеңпейілді қосыңыз. Сондықтан қарияларды сыйлау қазан айына ғана қарап тұрған жоқ. Жалпы, жыл сайын Қарттар айлығы  басталмай тұрып, ауданымызда тұрып жатқан қарияларымыздың тізімін жасап, оларға қандай көмек қажет екенімен танысып отыру біздің үрдісімізге айналған.  

Осындайда бүкіл бір ауданның қарттарының басын біріктіріп отырған мекеме болғандықтан, жауапкершіліктің жүгі көбіне Ардагерлер кеңесіне түсетінін аңғарамын. Десек те, қариялардың көңілі көтеріліп, бір серпіліп қалсыншы деп, мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысамын. Қарияларымыздың  өмірі көбіне немере бағып, үй күзетумен  өтетіні де  шындық қой.  Сондықтан ең  құрымағанда өздеріне құрмет деп белгіленген бір айда қаланың мәдени орындарын  аралап, бой жазса екен деймін. Күні бойы үйде отыратын қарияларымыздың мәдени орынға бармақ түгілі, қаланың орталығын көрмейтіндері рас. Сол үшін  өткен жылғы Қарттар  айлығы барысында арнайы көлік жалдап, театрға, киноға, опера және балет театрына, қаланың бірнеше мұражайына, Орталық саябаққа саяхат жасадық. Сонымен қатар, Түргендегі форель шаруашылығы мен Алма-Арасанға, Есікке дейін барып қайттық. Спорттық ойындардың жарысын өткіздік. Қарттарымыздың балаша  қуанғанын көрсеңіз ғой, көңілдері көтеріліп, сергіп қалды. Бір ауданда тұрғанымен бір-бірін танымайды. Осындай басқосу кезінде олар ашылып, ашық-жарқын қауқылдасып, бірін-бірі  баяғыдан танитын жандардай мәз болды.

 Бойында ұлттық қасиеті басым, ата-ананы сыйлай білетін, қарияларға қамқорлық танытуға әзір тұратын біраз азаматтар мереке сайын көмек көрсетіп жатады. Ондай азаматтарға алғыс айтқаннан басқа не деуге болады? Өнерпаздар да өз арамыздан табылып, қарияларымыз аудандық хор ұжымына қатысады. Мерекелік іс-шараларда өз өнерлерін көрсетіп жатады. Жасы келген кісілердің қоғамнан қолдау, маңайынан жылылық күтетіні заңдылық. Сондықтан ондай мұқтаж кісілерге қол созып, қолдау көрсетуіміз керек. Ауданда тұрып жатқан тұрмысы төмен отбасыларға қысқы отын мен көмір жеткізіліп, бірнеше отбасы азық-түлік себеттерімен қамтылды. Бұл да өз кезегінде аз болса да көмек. Әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі жалғызілікті қарияларымыздың үй-ішін тазалап, әктеп-сырлап, ретке келтіріп берді. Ол да адамгершілік, үлкен сауапты іс. Сосын  жасы келген кісілердің ыңқыл-сыңқылы көбейіп жатады. Осы ретте тек қарттар айлығы аясында ғана емес, жыл бойы аудандағы денсаулық мекемелері қарияларға арнап Ашық есік күндерін өткізіп келеді. Денсаулық сақтау мекемелерінің жауапты мамандары қарияларға әлеуметтік көмек көрсетіп, үйлеріне барып, дәрігерлік тексеруден өткізді. Әлі де мамандар қариялардың қажетті дәрі-дәрмектерін жеткізіп беріп жатыр. Қазақта «Біз де сіздей болғанбыз, Сіз де біздей боларсыз» деген сөз бар. Біздің аудандағы «Орталық», «Солтүстік» деп аталатын зираттарда талай-талай қадірменді қарияларымыз мәңгілік мекендерін тапты. Түрлі тағдыр бар ғой. Артында іздеушісі жоқ, қабірлердің маңайын шөп-шалам басып, қараусыз қалғандары жетерлік. Сондықтан арнайы мекеме қызметкерлерімен бірлесіп, сол маңайға да тазалық жұмыстарын жүргізіп отыруды өз міндетімізге алғанбыз.

 

Жаңа қоғам құруда ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырудың маңызы зор

– Биыл алға қойған қандай іс-шаралар, жоспарларыңыз бар?

– Ең алдымен еліміз аман, жеріміз тыныш болсын деймін. Басты тілегім – еліміздің іргесі сөгілмей, тек бейбітшілік болсын! Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еліміздің көркеюіне үлес қосайық. Әділетті Қазақстан құру жолына баршамыз өз үлесімізді қоссақ, алынбайтын қамал болмас. Осы жолда, жаңа қоғам құруда ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырудың маңызы зор. Біздің аудандық Ардагерлер кеңесінің бұл бағытта қолға алар бағдарлары аз емес.   

Өткен жыл қай-қайсымызға да оңай болмады. Ауданымыздағы  біраз қарияларымыздан көз жазып қалдық. Олардың орны ойсырап, жоғы білініп тұр.  Ұзақ жылдар аудандағы Ардагерлер кеңесін басқарып, өзім үлгі тұтып жүрген Ким Серікбайұлы, Құдайберген Қабдолдин, Жақсылық Әмірханов сынды азаматтарымыз да келместің кемесіне мініп, о дүниелік болды. Сол кісілерді ойласам, көңілім құлазып қалады. Мақсат – аға ұрпақтың тағылымды жолын бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру.  

 

Ұрпақ тәрбиесіне бүкіл қоғам жауапты

 – «Ұрпақтар сабақтастығы» демекші, қазіргі жас ұрпаққа көзқарасыңыз қалай?

 – Әрине, «Не ексең, соны орасың» дейді. Ұрпақ тәрбиесі баршамызға ортақ. Бәріміз, бүкіл қоғам болып  жауаптымыз. Дегенмен, ұрпақ тәрбиесіне ең алдымен отбасы жауапты екенін де ұмытпаған жөн. Көп жағдайда «мектеп не үйретіп жатыр?» деген ата-аналардың пікірін естіп, қарным ашып қалады. Мектептен талап етіп, өз міндеттерін ұмытып жатады. Әрине, бұл өте өкінішті. Оның салдары тым күрделі. Өзім ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек еткен кезімде қарттармен тығыз байланыста болған едім. Сол кезде қарияларымызды қонаққа шақырып, олардың өткен өмірін шәкірттеріме үлгі ретінде таныстырушы едім. Менікі жас ұрпақ үлкенді сыйлауды үйреніп, жастықтың, уақыттың қадірін білсін деген ой ғой. Сол тәрбие-тәсілім көп жағдайда жақсы нәтиже беріп, текке кетпеген сыңайлы.  

Жалпы, үлкенді сыйлаудың мектебін қалыптастыру маңызды. Ауданымыздағы білім мекемелері  «Қарттарым – асыл жандар», «Ардақты атам, аяулы әжем», «Атам, әжем және мен», «Үлкенге  – құрмет, кішіге – міндет», «Қарттарын қадірлеген ел ардақты», «Қарттық – құрметті кезең», тағы басқа ауқымды іс-шаралар  өткізді. Бұның өзі жас ұрпақтың бойына ізгілік нәрін сеуіп, парасаттылық дәнін еккенмен бірдей.  

 

«Аlmaty-akshamу», №4 (6297) 12 қаңтар, 2023 жыл