Талғар өзенінде балықтар жаппай қырылды

Талғар өзенінде балықтар жаппай қырылды
almaty-akshamy.kz

Алматы облысы Талғар ауданының тұрғындары Талғар өзеніндегі балықтың жаппай қырылуы мен судың жағымсыз иісіне шағымданды. Мамандар мәселенің мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.


Куәгерлер өзен жағасындағы өлі балықтарды видеоға түсірген. Олардың болжауынша, жақын маңда орналасқан компания лас суды өзенге ағызуы мүмкін.


«Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Базаркелді ауылы... Барлық балық бір уақытта қырылып қалды, судан жағымсыз иіс шығады. Мұның бәрі қашан бітеді, бірінші жыл емес қой. Қашан нақты шаралар қабылдайды?» - деп шағымданды тұрғындар әлеуметтік желілерде.


Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі хабарлағандай, Қапшағай балық бөлімінің мамандары экспедиция бөлімінің басшысымен, табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерімен және Жаңашар ауылдық округінің әкімімен бірлесіп, 10 тамыз күні балықтың қырылуы фактісі бойынша Талғар өзенінің жағалауын тексерген.


«Судың сынамалары алынып, әрі қарай зертханалық талдау үшін балық шабақтары жиналды. Талдау нәтижелері алдағы уақытта Алматы облысының экология департаментіне жолданатын болады. Тиісті шаралар қабылданады», - деп жауап берді әкімдік.