Жетісу бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады

Жетісу бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады
Сурет: Otyrar.kz

Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік те облыс бюджетінен қолдау тапты.

Алматы облысында қаржының басым бөлігі білім беру мен денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау шараларына жұмсалады. Бұл туралы қаржылық құжатқа енгізілген өзгерістер мен толықтырулар барысында айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«2021-2023 жылдарға арналған облыс бюджетінің қай салаларға бағытталатыны жаңа өзгерістер мен толықтырулар негізінде бекітілді. Қаржының басым бөлігі білім беру мен денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау шараларына жұмсалады. Сол сияқты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, мәдениет пен спорт салалары да назардан тыс қалған жоқ. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік те облыс бюджетінен қолдау тапты»,– делінген Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановтың айтуынша, Алматы облысының бюджетіне жалпы сомасы 55 млрд. теңге болатын мақсатты трансферттер қосымша бөлінген. Бюджеттің негізгі шығындары ең алдымен әлеуметтік салаларға, сол сияқты Nur Otan партиясының 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасындағы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталады.

Бұл ретте, мәселен, Ескелді, Қаратал, Көксу, Қарасай және Сарқан аудандарында жаңа мектептердің құрылысы басталады. Құрылыс жұмыстарын бастауға 600 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде облыстың аудандары мен Талдықорған қаласында тағы 7 мектептің құрылысына, сол сияқты Алакөл ауданындағы лагерьді қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 7,6 млрд теңге бағытталады.  Сонымен бірге балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерге дабыл тетіктері, турникеттер орнатып, арнайы күзет қоюға да қаржы қарастырылған.