Талапкерлердің 76 пайызы қазақ тілін таңдаған

Талапкерлердің 76 пайызы қазақ тілін таңдаған
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Наурызда барлығы 117 мың адам ҰБТ тапсырды.

Оның ішінде талапкерлердің 76,1 пайызы қазақ тілінде, 23,8% пайызы орыс тілінде, 117 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.

ҰБТ басталғалы шекті балды 75%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 137. Жалпы, 118 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі "Биология-Химия" комбинацияларын таңдаған, атап айтқанда, 19%-ы тапсырды. "Математика-Физика" пәндерін 17% таңдаған. Сондай-ақ, топ-3 қатарына талапкерлердің 12% таңдаған "Математика-Информатика" комбинациясы кірді.  Ең аз таңдалған комбинация – "Химия-Физика", оны 121 адам тапсырған.

"2024 жылғы қаңтар ҰБТ-сының қорытындысы бойынша талапкерлер "Оқу сауаттылығы" пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен, сұрақтардың 77%-ына дұрыс жауап берілген. Ал "Физиканы" тапсырған талапкерлердің тек 34% тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін "Механикалық толқындар" тақырыбы қиын болды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері бойынша Ұлттық тестілеу орталығы тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша егжей-тегжейлі талдауды да ұсынады", – делінген ҰТО хабарламасында.

ҰБТ өткізу барысында 127 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 71 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 51 адам шығарылды. Бейнежазбаларға талдау жүргізу нәтижесінде 5 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.