Таксистердің қолма-қол ақша төлеуді талап етуі заңды ма?

Таксистердің қолма-қол ақша төлеуді талап етуі заңды ма?
Сурет: интернеттен

Бұл сұраққа  Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті жауап берді.

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы Мемлекеттік кіріс органдарына хабарлау қажет, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Жаңа жылдан кейін алматылықтар мынандай  проблемаға тап болды - такси жүргізушілері төлемді аударыммен қабылдаудан бас тартуда. Мұндай талаптар қаншалықты заңды? Бұл туралы Алматының Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінде  өткен брифингте айтты.

Сарапшылар соңғы жылдары мобильді банктік қосымшалардың танымалдығы артқанын, кәсіпкерлер оларды тауарларды сату және қызмет көрсету үшін төлемдерді қабылдау кезінде көбірек қолданатынын атап өтті.

Алайда, жекелеген кәсіпкерлер сатылған тауар немесе көрсетілген қызметтер үшін қолма-қол ақшамен төлеуді талап ете отырып, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартқан жағдайлар бар.

Журналистер «егер такси жүргізушілері ақша аударымын қабылдамаса не істеу керек» деген сұрақ қойды.

«Егер адам такси қызметін көрсетсе, онда ол тиісінше жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Сіз такси агрегаторлары арқылы, арнайы қосымшаларда тіркеле аласыз. Оның өз пайыздары бар. Сіз e-Salyq Business немесе Яндекс таксиде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, басқа әлеуметтік төлемдермен бірге ай сайын 1 пайыз төлей аласыз. Қазір салық міндеттемелерін орындау жеңілдетілді. Есеп беруді тапсыру да жеңілдетілген. QR-кодтарды орналастыру да қиындық туғызбайды», - деді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Айжан Бекеева.

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады.

«Біз бұған дейін айтқанымыздай, салық режимдерін қолданудың арнайы түрлері бар. Такси жүргізушілері үшін салық жүктемесінің пайызы небәрі 1 пайыз болатын режим өте ыңғайлы. Яғни, адам бір ай бойы такси болып жүріп, 100 мың теңге тапса, оның 1 пайыз салығы – 1000 теңге. Оған қоса оның әлеуметтік төлемдері. Сонымен, бұл қосымша не үшін ыңғайлы? Кассалық машина қазірдің өзінде орнатылған. Ай сайынғы қызметті сатып алу, төлеу қажеттілігі жоғалады. Яғни, ол такси қызметін көрсете алады, чекті электронды форматта жазып, оны клиентке жібере алады», – деп атап өтті Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды әкімшілендіру басқармасының басшысы Нұрлыбек Успанов.

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы Мемлекеттік кіріс органдарына хабарлау қажет.