Тәрбие – ұлттық, білім – әлемдік болуы керек

Тәрбие – ұлттық, білім – әлемдік болуы керек
almaty-akshamy.kz

Осы күні адамдар арасындағы бауырмалдықты сақтау өте өзекті. Бұл – жаһанданудың жұтылуынан сақтайтын бірден-бір жол. Сондықтан айдың-күннің аманында өзара жылулықты сақтай алсақ, нұр үстіне нұр. Өйткені, дүниені ұстап тұрған осы қасиет.

Шығармашылық адамы бәрін байқайды Капиталистік қоғамда өмір сүріп келеміз. Бәріне үлгеру шарт. Жай жүруге болмайды. Уақытты құр жіберсеңіз, біраз нәпақадан қағыласыз. Сол себепті, әр істі ақылмен істеп, аяқты аңдап басқан абзал. Бұл – бүгінгінің талабы. Осыған ілескендер жақсы ғұмыр сүріп, оң-солын түгендейді.

Қоғамның тірлігінен қол үзе алмайды екенсіз. Өткен жолы заңгермен тілдестім. Біраз нәрсені айтып, өзара пікір алмастық. Бұрын ойлаушы едім, заңгерлер қауымы нағыз қатып қалған қағидаға жұмыс істейді деп. Алайда, олай емес сияқты. Жасы үлкен апай болса да, өз-өзін күткен, салиқалы жан екен. Әңгіме – отбасы тақырыбы. Адамдардың робот сынды қатайып, ешқандай эмоцияға алдырмайтындығын айттық. Әсіресе, қыздан қылық, ұят кетіп бара жатқандығын айта жөнелді. Өзінің ұлдары үйленейін десе, дені дұрыс қызға жолыға алмай жүрген сыңайлы. Онысы сөзінің ыңғайынан байқалды. Әйтпесе, жағдайы тәп-тәуір. Өз-өзін күтіп баптайды, тың. Демек, өздерінің жанұясына жарасымды жан іздеп жүрген болар.

Бірде қоғамдық көлікте келеміз. Алматының автобустары әрдайым лық толы. Аяғыңды қоятын жер тапсаңыз, мәз боласыз. Қаланың 15-16 жастағы жастары құлағына құлаққап тағып, көзін жұмып, терезеге қисайып отыра береді. Бөліп-жарғанымыз емес. Көбіне елдімекеннен келгендер орын береді. Кейбір үлкен кісілер де орын бергенде лебіз білдірмейді. Міндет сияқты қарайды. Шапалақ бір алақаннан шықпайды осыны ескерейік. Әйтеуір оқта-текте орын үшін талас-тартыс туындап жатады. Бірақ арты тыныш болсын дейміз де.

Көшеде кетіп бара жатсаң жол сұрайтындар кезігеді. Кейде ондай жағдайды түсінбей далмыз. Аяқ-қолы балғадай адамдар қайыр сұрайды. Осындайлардан соң тағы сондай тіленші ме деп қаласыз. Бір байқағанымыз, жауап беруге қиналатындар табылады. Ондайлар сізді көзге де ілмейді. Құдды зомби сияқты тік, өте шығады. Түсі суықтардан қалай түңілмейсіз? Бірақ жақсы адамдар бар. Баяғыда ақын Аманхан Әлім ағамыз «Олжас, дүниені жақсы адамдар ұстап тұр» дейтін. Сол бір сөздің қуаты күшейіп, бүгінде қадірі артып барады.

Біз шығармашылық адамымыз. Көңіл шіркін, елпілдеп тұрады. Ренжу де тез, жадырап сала беру де жылдам.

Қазақ неткен дана халық. Әрбір сөзінде мән бар. Әр әрпінде мағына жатыр. Ғасырлар бойы жиналған пәлсапа, қазіргі таңда да өзектілігін жойған жоқ. Арасында болмашыға бұл- қан-талқан болсақ, ұлағатты сөздерді ойға аламыз. Содан соң бойың жіпсіп сала береді. Сабырлы болғанға не жетсін!

Еліктейміз ғой...

Біз шетелге еліктейміз. Дәп сондай болса дейміз. Батыстың жолымен жүргіміз келеді. Осы орайда бір нәрсені шегелеп өтейік. Бір жолы қоғам қайраткері Асылы Осман апамызбен тілдестік. Сонда апамыз: «тәрбие – ұлттық, білім – әлемдік болуы керек» деді. Әңгімелесіп отырып, осы сөзді жадымызға тоқып, зердеге түйдік. Осындай зерделі сөздер бойтұмар болады.

Қазір интернеттің пайдасы мен зиянын теңдей көріп келеміз. Батысқа еліктеуден сақтанған жөн. Иә, жақсы тұрмысын, керемет технологиясын алайық, игерейік. Ал жалпы-адамзаттық құндылыққа жат қылықтарынан жиренейік. Әйтпесе, батыстың цивилизациясына түсеміз деп, канализациясына түсіп кетіп жүрмейік. Біз қашан адам болсақ, сол күні бағымыз жанады.

Осы күнгі қазақтар еліктеуге жүдә құмармыз. Бәріміз бай тұрғымыз келеді. Ара-арасында араб болып кетеміз. Қалыңмалды аз көріп, қалыңдық мәһрге таудай дүние сұрайды. Оған күйеу жігіттің шамасы келе ме, жоқ па, ол жағы маңызды емес.

Осының баршасы еліктеуден туындайды. Үлкендер «қанағат қарын тойдырар, қанағатсыз жалғыз атын сойдырар» дейтін. Түсінген адамға осының өз жетіп жатыр.

Өзіміз де, 25 жастан әрі астық. Ата-әже тәрбиелегеннен кейін бе, өмір туралы өміршең ойлар жадымыздан шықпайды. Ұлттық руханиятқа тартып тұрамыз. Жас буынның смартфонға бейім екендігі таңқалдырмайды. Алайда, бойларында қазақилық аздау сияқты. Бәріне топырақ шашпаймыз. Мектеп бітіріп, шетелге кетіп, сонда қалғанды тәуір көретіндердің шоғыры шықты. Өзінің ата-тегі маңызды еместер қаптап барады. Әке-шешесінің әлеуметтік жағдайы алаңдатпайтындарға не дерсіз. Кейін осындайлар үлкендеріне қарайласпайтын да шығар. Осыған бір тоқтау болу керек. Әйтпесе, қазақтың ұрпағы рухани жұтаңдыққа ұшырайтын түрі бар. Ондайдың бетін аулақ қылсын. Қазақ өзінің әр баласына сынап қараған.

Негізі ар-ұят, әдеп деген жақсы қасиет. Біз робот емеспіз, адамбыз. Осыны ұмытпайық! Негізі еліткенге еріп кете беруге әсте болмас. Әсіресе, нәзік жандылар үстін-үстіне болса деп тұрады. Ата-әжелерімізде ынсап болушы еді. Бізде қадірлі қасиет азайғандай. Соны ескеріп осы ойларды хатқа түсіріп қоюды жөн көрдік. Бәлкім, қоғамдық санада сілкініс болып, бәрі өз орнына келерде осындай оқшау ойларды іздер. Барлығы уақыттың еншісінде. Не болса да, жақсылық болсын. Неғұрлым бірбірімізге бауырмал болсақ, соғұрлым әлем нұрлана түседі. Бұл дүниедегі тыныштық пен мейірімді ұстап тұруға атсалысатын – біз бен сіз ағайын!