Соңғы 9 айда еліміздегі қонақ үйлер 175,7 млрд. теңге табыс тапты

Соңғы 9 айда еліміздегі қонақ үйлер 175,7 млрд. теңге табыс тапты
Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігі

2023 жылдың 9 айында еліміздегі қонақ үйлер туристерге 175,7 млрд теңгеге қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға артық, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

2022 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында еліміздегі орналастыру орындары туристерге 129,2 млрд теңгеге қызмет көрсеткен.  Ал пандемияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда аталған көрсеткіш шамамен 2 есе өсті.   Қазіргі таңда еліміз бойынша барлығы 4 мыңнан аса туристік орналастыру орны бар. Олардың қатарына қонақ үйлер, мотельдер, пансионаттар, балалар лагерлері, кемпингтер, жатақханалар, демалыс үйлері және басқа да орындар кіреді.  

«Комитет елімізге келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасау, орналастыру орындарының ассортиментін кеңейту және туристік қызметтердің сапасын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастырады. Қолға алынып жатқан нақты істер келушілердің қажеттіліктерін қанағаттандыруға ғана емес, туризм саласындағы экономикалық өсуді қолдауға да бағытталған. Сонымен қатар олар Қазақстан беделін түрлі және сапалы орналасу нұсқалары бар туристік бағыт ретінде нығайтуға септігін тигізеді», - деп атап өтті ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының м.а. Нұртас Кәріпбаев.