Шри-Ланканың Денсаулық министрі індетпен күресуде сиқыршылардың көмегіне жүгініп, қызметінен босатылды

Шри-Ланканың Денсаулық министрі індетпен күресуде сиқыршылардың көмегіне жүгініп, қызметінен босатылды
Сурет: Ren.tv

Коронавирус әлемдік тақырыпқа айналғалы қашан, індетпен күрес күшейген сайын, ауру да үдеп барады. Қарапайым сақтық шараларын сақтамау мен жауапкершіліктің жоқтығынан да зардап шегіп отырғанымыз жасырын емес.

Қазақстанның да эпидахуалы мәз емес, бүгінгі мәлімет бойынша, еліміздің бір өңірі ғана «жасыл» аймақта орналасқан, 120 488 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz тілшісі.

COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК телеграм каналының материалдарына  сүйене отырып, дүние жүзіндегі ковидтік жағдайға шолу жасайық.

Токиодағы Паралимпиада көрермендерсіз өтеді. NHK телеарнасының мәліметінше, Паралимпиада іс-шараларына барлығы 770 мыңға жуық билет сатылған екен. Ұйымдастырушылар қабылдаған шешімге сәйкес, билет сатып алғандарға жұмсалған қаражат кері қайтарылады. Ойындар 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді.

 Молдовада COVID-19 қайта өршуіне байланысты карантиндік шаралар күшейтілді. Олар барлық жабық қоғамдық орындарда, соның ішінде қоғамдық көліктерде міндетті түрде маска киюді қайта енгізді. Сондай-ақ, адамдар арасында кем дегенде 1 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау міндетті болып табылады.

 Шри-Ланка Денсаулық сақтау министрі COVID-19-бен күресуде сиқыршылардың көмегіне жүгінгені үшін қызметінен босатылды. Алайда Павитра Ваннараччи үкімет құрамында қалады және көлік министрлігін басқарады. Денсаулық сақтау министрі қызметі бұрынғы бұқаралық ақпарат министрі Кехелия Рамбуквеллаға берілді.