Шырша сізден, алғыс бізден

Шырша сізден, алғыс бізден
Сурет: Recyclemag.ru

Алматыдағы хайуанаттар бағы тұрғындарға Жаңа жылдық мерекеден кейін қалған шыршаларды қоқысқа тастамауды өтінеді.

Олар көпшіліктен жасыл желекті зообаққа өткізулерін сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Өйткені табиғи шыршаларды бұғы, түйе мен ешкілер сүйсініп жесе, өзге жан-жануарлар үшін табиғи ортаны сезіну үшін маңызды. Әзірге бір аптада бірнеше отбасы шыршаларды әкеліп өткізген екен. Зообақ қызметкерлері қалалықтардың ескі жаңа жылдан кейін шыршаларды көптеп өткізетінін күтіп отыр.

«Бұл әрине бірінші жыл емес, 3-4 жыл бұрын басталған сондай іс-шараларымыз. Тек қана шырша емес, күзде емен жаңғағын да қабылдайтын, сондай іс шараларымыз бар. Қала тұрғындарынан және бізге келіп жатқан қонақтардан сұраймыз. Соны қоқыстарға тастамай, біздің баққа әкеліп, біздің малдарымызға сонымен ойнатуға, солардың аромат иістерін сезуге табиғи жағдайға келтіруге бізге әкеп тастаса екен деген сұранысымыз бар», - дейді «Алматы хайуанаттар бағы» тұяқтылар бөлімінің меңгерушісі Балабек Мақатов.