Шымбұлақта қар көшкіні болып, бір адам мерт болды

Шымбұлақта қар көшкіні болып, бір адам мерт болды
Сурет: Tk.media

Аспалы жолдың жұмысы тоқтатылды.

Алматының Шымбұлақ туристік аумағынан жоғары тұста қар көшкіні жүріп, бір адам мерт болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 наурыз күні тауда шаңғы теуіп жүрген демалушы қар көшкінін түсіретін құралмен соқтығысып, көшкін астында қалды.

«Таңғы сағат 10:58-де курорттың құтқарушыларына Комби-2 тірегінің 8-ден жоғары аймағында қар көшкіні болғаны туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына сағат 11:02-де жеткен құтқарушылар ер адамның денесін тапты. Белгілі болғандай, ол рұқсат етілген аймақтан шығып кеткен. Сағат 11:25-те медициналық пунктке жеткізілді, мамандар оның қайтыс болғанын анықтады», - деп хабарлады «Шымбұлақ» тау шаңғы курортының баспасөз қызметі.

Курорт әкімшілігі ер адамның туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.

Қазіргі уақытта аспалы жолдың (Комби-2) жұмысы тоқтатылды. Түскен қар массасының көлемі анықталып жатыр. Оқиға орнына Алматы қалалық ТЖД-ның 1 маманы мен 1 техникасы, республикалық жедел-құтқару жасағының бір техникасы мен 8 қызметкері жұмылдырылды.