Шілденің соңғы онкүндігі басталды

Шілденің соңғы онкүндігі басталды
tram-pampam.ru

Мұны шартты түрде жеті жұлдыз деп отырмыз. Қазір астрономия ғылымы Үркердің үш жүзден астам немесе одан да көп жұлдыз шоғыры екенін анықтады. Көзге көрінетін алтауы да немесе жетеуі де үлкен-үлкен күн тәрізді жұлдыздар. Солардың ішінде сарғыш нұр шашатын күннен бірнеше есе үлкен жұлдыз бар. Сақылдаған сары аязды қыста тас төбеге шығып, сарғыш нұр шашып жарқырып тұратын сол жұлдыз екен.

Қазақ есепшілері күннің түнге қатысты ұзару, қысқару құбылыстарын Үркер топ жұлдызына қарап есептеген. Күн желтоқсанда – торғай адым, қаңтарда – қарға адым, ақпанда – ат адым ұзарса, шілдеде – шіл адым қысқаратынын анықтаған. Қазақ күнтізбесінде уақыт есебінің Үркер шоқжұлдызы бойынша жүргізілетін жүйесін тоғыс есебі деп атайды.

Үркердің қазақ астрономиясында маңызы зор. Қазақтың тоғыс есебінің өзі ай санау есебі тәрізді нәрсе. Үркер көтерілген соң мал көтеріледі, егін көтеріледі, қозы-лақ көтеріледі. Осы кезде солтүстік өңірлерде бидай көтеріліп, дән байлайды. Көтерілген мал семіреді, қозы- лақ союға жарайды.

Иә, сонымен көптен толғатып жатқан жеті шоқ жұлдызынан тұратын Үркер туды. Алдағы уақытта күн райының бірте-бірте салқындай беретін кезі басталды.

Жоғарыда айтқанымыздай, Үркер суықтың, салқындықтың белгісі. Үркер мен айдың жүру бағыты ұқсас, екеуі де шығыстан батысқа қарай жылжиды. Үркер әр айда бір рет айдан озып шығып отырады. Әрі бір рет бір аумаққа келіп, Аймен қатарласады. Мұны айдың тоғауы дейді. Осыдан айдың тоғыс есебі шыққан. Бұл әр айдың тақ күніне тура келіп отырған.

...Сонымен, Үркер көкке көтеріліп бара жатыр. Үркерге қарап ауа райын болжаушылар үшін бұл бір сәтті кез. Өйткені, көбінде ауа райын Үркер мен ай тоғысына қарай айырады. Үркердің әр жарық жұлдызбен тоғысуы да ауа райына ықпал жасайды. Үркер аса тез, шапшаң жүретін жұлдыздар тобы.

Осы амалға қатысты мынандай аңыз-әңгіме де бар (бұрындары да жазған болуымыз керек): ертеде аспанда он екі Үркер тұрып, үнемі қыс болып, жаз болмайды екен. Жан-жануарлар қатты қиналғандықтан, Жаратушы Иеміз бір жылы он екі Үркерді жерге түсіріп, жануарларға Үркерді қайта аспанға шығармай қоюға ерік береді. Түйе үлкен табанымен Үркерді баспақшы болғанда, сиыр онан бұрын ұмтылып баса қалады да, тұяғының арасынан алты Үркер аспанға шығып кетеді. Алты ай жаз, алты ай қыс осыдан қалыпты дейді. Әлі күнге жануарлар «шіркін, сонда Үркер сиырдың жырық тұяғының астына түспей, түйенің саңлауы жоқ табанының астына түскенде, өмірі қыс дегенді білмес едік-ау» деп армандайтын көрінеді...

Шілденің соңғы онкүндігі басталды. Алдымызда – Тамыз айы. Тамыз сөзі қазақ тілінде «сары» деген мағынаны білдіреді екен. Қазекең бұл айды «сарша тамыз» деп те атайды. Сары сарша – сарғаю, жердің құрғап, өсімдіктердің сарғаятын кезі. Тамызда егін піседі. Мал- жанға жайлы жаңбыр жауады... Ары қарай Таразы туады, ауа райы салқын тартып, күз нышаны білінеді. Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, шілденің 20-сы. Ай есебімен жаңа айдың 2-сі. Қазақша тұжырымға сүйенсек, осы айдың 7-сі. Алдағы аптада: (20–26 шілде аралығында) күннің қызуы қайтып, ептеп жаңбыр көрініс береді. Бұл күн салқындайды, күз келді деген сөз емес. Жалындай шарпып, оттай қаритын кездер бар алда...