Шетелден әкелінген көліктер Интерпол базасы арқылы тексеріледі

Шетелден әкелінген көліктер Интерпол базасы арқылы тексеріледі
Сурет: Semeynews.kz

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Көлік иесі құжаттарды тапсырған соң бекітілген қағида бойынша оның тұпнұсқалығы мен сәйкестігі, яғни көліктің ел аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінгені, іздеуде бар-жоғы тексеріледі. Кедендік рәсімдерден өтуі және соңғы тіркелген жерден есептен шығуы анықталады. Автокөлікті Қазақстан аумағына кіргізу күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі және Мемлекеттік кірістер комитетінің жүйелері арқылы айқындалады», - деді Қайсар Сұлтанбаев министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің мәліметінше, жоғарыда аталған сәттерді тексеру, анықтау процесі толықтай автоматтандырылған.

«Шекарадан өткен әр көлікке VIN-код беріледі. Шекара қызметінде немесе мемлекеттік кірістер органдарында көлік құралын әкелу туралы мәліметтер болмаған жағдайда онда мәселе автосақтандыру полисінің алғашқы ресімделген күні бойынша анықталады. Сондай-ақ елге әкелінген автокөліктер Интерпол және ТМД елдерінің базалары бойынша тексеріледі. Одан бөлек Еуразия экономикалық одағының Бірыңғай кедендік жүйесі бойынша қадағаланады», - дейді министрлік өкілі.