Сержанттар корпусы - кәсіби армия негізі

Сержанттар корпусы - кәсіби армия негізі
Сурет: ашық дереккөз

Оңтүстікте үздік сержанттар анықталды

Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің сержанттары арасында «Үздік взвод сержанты – жауынгерлік дайындық бойынша нұсқаушы» және «Үздік бөлімше командирі» байқау сайысының ІІ кезеңі өтті, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Сайысқа  Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Жетісу облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларынан келген 18 сержант қатысты. Байқаудың негізгі міндеттері мен мақсаттары кіші командирлердің әскери-кәсіби шеберліктерін жетілдіру, озық үлгідегі тәжірибені, жұмыс жасау стилі мен әдіс-тәсілдерді зерделеу, біріктіру және тарату болып табылады. Одан басқа, конкурс барысында әскери-кәсіби тұрғыда анағұрлым дайындалған сержанттар мен бөлімше командирлері айқындалады.

Жарыс барысында өз бөлімдерінде үздік деп танылған қатысушылар кәсіби сержант және кіші командирлерге тән барлық қабілеттерін көрсетті: оның ішінде дене шынықтырудағы төзімділік, оқ атудағы дәлдік, химиялық қорғану құралдарын қолдану, мемлекеттік-құқықтық даярлық, саптық дайындықтың үздік дағдылары және басшылық құжаттарды білу бағытында тексерілді.

Сержанттар корпусы – кәсіби армияның негізі. Әскери дайындық, бөлімшелердегі әскери тәртіптің жағдайы және жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухы көбінесе сержанттардың кәсіби шеберлігіне байланысты. Осындай сайысты өткізу сержанттар құрамының кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал етіп, бұл үрдістегі жарыс рухын нығайтады. Әскери бөлімдердегі кіші командирлердің даярлық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді, - дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Константин Куатов.

Байқау сайысының жалпы нәтижесі бойынша, Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің аға сержанты Мейрамбек Қыдырмұхаметов өңірлік қолбасшылықтың үздік взвод сержанты атағына ие болды. Ал үздік бөлімше командирі атағы Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің аға сержанты Тоқтар Қасымханға бұйырды. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреевтің атынан арнайы диплом, кубоктар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.