Сенатта мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған заң жобасы мақұлданды

Сенатта мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған заң жобасы мақұлданды
Сурет: 24.kz

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау

Бүгін Сенат депутаттары мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-сілтеме жасап.

Құжат күшіне енгенде, мүгедек балаларға күтім көрсетіп отырған 24 мың азаматқа төлем жасалады. Биыл бұл сома 48 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ 7 мен 16 жас аралығындағы балаларды бірнеше топқа бөлу көзделген. Соның арқасында 30 мың жасөспірім қажетті оңалту шараларымен қамтылмақ. Оларға берілетін жәрдемақы көлемі де мүгедектік санатына байланысты 17 мың теңгеге дейін көтеріледі.

Жаңа құжатқа сәйкес, асыраушысынан айырылған 2 мың мүгедек балаға арнайы жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар кәмелеттік жасқа толған мүмкіндігі шектеулі жастардың үй кезегінде тұру мерзімін де ұзарту көзделген. Себебі олардың басым бөлігі 18 жасқа дейін мемлекеттен баспана алып үлгірмейді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы: - Қабылданған заң мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, оның ішінде балалардың жағдайын жақсартуға, әлеуметтік теңсіздіктерді жоюға, қолданыстағы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін одан әрі жетілдіруге арналған. Алдағы уақытта осы заң мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыздың құқықтарын қамтамасыз етуге, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз.