Сегіз дүркін әлем чемпионы Жібекпен шығуға жүректері шыдамады

Сегіз дүркін әлем чемпионы Жібекпен шығуға жүректері шыдамады
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қазақстандық белгілі спортшы Жібек Құлымбетова Ташкентте күреспестен грэпплингтен Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ж.Құлымбетованың өзі инстаграмдағы парақшасында жазғандай, бұл біріншілікте оған қарсылас бұйырмаған.

«Мұндай қызық жағдай менің спорттық тәжірибемде алғашқы рет болып отыр.Ташкентте өткен жарыста күреспей-ақ грэпплинг күресінен Азия чемпионы атандым. Барлық спортшылардың қарсыластары көп болды! Тартысты күрестер көрдім! Бірақ осы жолы маған қарсылас бұйырмады. Дубайдағы жарыстан кейін елге оралып, кішігірім демалыс аламын деп ойлаған едім. Алайда мені тағы бір үлкен жарыс күтіп тұрды. Жарысқа 16-17 жас аралығындағы топқа 48 кг салмақ дәрежесі бойынша тіркелдім. Екі қарсыласым бар еді, неге екені белгісіз, олар аяқ асты жарысқа қатысудан бас тартты. Бірақ, сонау жерден келген соң бос кетпейін, ересектер арасында күресіп, бақ сынап көрейін деп шешім қабылдадым. Ересектер арасында менің 4 қарсыласым болған еді. Бірақ, олар да санаулы уақыттар қалғанда, басқа салмақ дәрежесіне ауысып, тағы да қарсылассыз қалдым. Сөйтіп, күреспей-ақ Ташкент қаласында өтіп жатқан грэпплинг AIGA күресінен Азия чемпионатында ересектер арасында Азия чемпионы атандым. Күресемін деп настрой ұстап, күресе алмай қалу біртүрлі сезім екен. Осылай да жеңіске жетуге болады екен ғой . Құттықтап қойсаңыздар болады», – деп жазды ол Instagram парақшасында.

16 жастағы Жібек Құлымбетова Дубайда өткен AJP Tour Asia Continental Jiu-jitsu Championship 2023 - Professional жарысында бірден екі алтын медаль жеңіп алды.

Азия чемпионатына Жібектен басқа бірнеше қазақстандық спортшылар да қатысты. Олардың барлығы Алматы облысынан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубының атынан барған. Барлығы 16 алтын, 9 күміс, 10 қола медаль жеңіп алған. Спортшылардың арасында UWW грэпплинг бойынша әлем чемпионы Самат Айтпанбет те бар.

 Ташкенте өткен грэпплинг күресінен Азия чемпионатында шәкірттерім ел намысын қорғап, көк туымызды биікке көтерді. 16 алтын, 9 күміс, 10 қола медальды жеңіп алып, елге қарай жолға шықты. Сөзбен емес, іспен дәлелдейтін, еңбек етіп, елге қызмет ететін, көк туымызды биікке көтеретін осындай рухы биік жастарымыз көп болсын! Алдағы уақытта байрақты бәсекелерде бой көрсетіп, жарыс жеңімпазы боламыз деген сенімдеміз,– дейді С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr - QTT» спорт клубының негізін қалаушы, бас бапкер Нұрсұлтан Орынбасаров.