Сағынышқа айналған Саян

Сағынышқа айналған Саян
Сурет: Сайын Шаймерденнің әлеуметтік парақшасынан
... Иә бүгін ол тірі болғанда 70 тің желкенін керер еді..,  жетпеді. 70 түгілі елуге де иек артпай баршамызды жылатып 48 жасында кете барды.  Ел газеті «Егемен» миллиондарды өзіне табындырған спорт атты құдіреттің жарық жұлдызына айналған ағам Саян Шаймерденовке бүгін бір бетін арнапты, Алла разы болсын! Журналистикада өзіндік өрнегі бар, тілі тұшымды  Бекен Қайратұлының мақаласын оқи отырып Саянға деген сағыныш көзге жас үйірді.   Көгалдағы хоккейде жасындай жарқылдаған Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Шаймерденов Саянның шыққан шыңы, көтерілген биігі жақсы жазылыпты. Әлі де жазыла жатар.  Мен өзім білетін, өзім жақсы көретін бүгіндері сағынышқа айналған Саян ағамның адами келбетіне тоқталуды жөн көрдім.
  Спортта жетістікке жетуге мінез, қайсарлық, бір беткейлік, табандылық қажет. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ал осындай  қасиеттердің бәрі бір басынан табылатын жанды жұмсақ мінезді адам деп айтуға ауыз бара ма, әй, қайдам?! Жасыл алаңда найзағай жанға айналатын Саян ағам мына өмірде өте биязы, қарапайым, жұмсақ жан болатын. Дүние көзін тіккен неше түрлі санаттағы додалы жарыстардан шашасына шаң жұқтырмай келетін дүлдүл Саянда,  жұлдыз Саянда бүгіндері атағымен бірге шатағы қатар жүретін спорт, өнер "жұлдыздарындағыдай" кеудесі аяқ қаптай тасыр мінез болған жоқ,  артынан сыпсың сөз ерген жоқ. Қашанда өзінің әдемі  жымиысымен үлкенге құрмет,  кішіге ізет көрсетуден әсте танған емес. Сол жібек мінезінің арқасында  шығар, атағы жер жарған спортшы бола тұра 3 қызымен Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының сырт жағында 1,5 бөлмелік аядай пәтерде тұрды.
Үлкен  спортпен қош айтысқан кезі болуы керек, көңілі пәс Саян ағам бір күні:
-Сайыш,(мені еркелетіп осылай атайтын) ауылға барайын деп едім,  Шаймерден атамыздың басына барып құран оқытайын, қалай жетемін-, деді.
-Қыстың көзі қырауда, қазір жол қиын жазда барсайшы деймін ғой мен.
-Жазда әкемізбен талай бардым ғой,  қыста да барғым келеді. Бірақ папама айтушы болма, ол бірге барамын деп салады немесе Солтүстік Қазақстандағы барша жұртты аяғынан тік тұрғызып дүрліктіреді. Ауылға да хабар беруші болма,  Есмағи ағаны әуреге салма, өзім барғым келеді деді.   Жеңгем Наташа екеуі Алматыдан Қызылжарға ұшақпен жетеді. Енді қаладан 200 шақырым жердегі Жамбыл ауданының орталығы Благовещенкаға дейін такси таба алмай (ол кезде қазіргідей индрайвер жоқ) автобусқа мінеді сөйтіп  лаулап ауылымыз Амангелдіге жетеді ғой. Қарапайымдылық па? Қарапайымдылық. Жарайды  облыс басшылығын мазаламаса да сол жердегі спорт шенеуіктерінің біріне телефон шалса іс бітіп жатыр ғой.Көлік те табылар еді, жағыдай да жасалар еді. Жоқ Саян ондайға бармады. Қашанғыдай өз жолымен, өз жөнімен жүрді. Бір-екі қонып қайтамыз деген Саян мен жеңгемді ауыл жіберсін бе? Оның үстіне немере ағамыз Серік  Әкімжановтың үйіндегі Айман жеңгем жас босанып Саян мен Наташа  өмірдің есігін енді ашқан нәрестеге Зарина деп атын қойып, кіндік әке-шеше мәртебесіне ие болады. Қанша жасырсам да «Саяндар хабарласпай қайда кетіп қалған?» деп тықыршыған Сафуан әкемізге 1-2 күннен кейін Саянның «Солтүстікке құпия сапары» туралы айтуға тура келді. Сөйтіп ауылға барып қайтамыз деген олар 10 күн ол жақта қонақтап Алматыға зорға жетті.

Өмірден озарынан аз ақ бұрын Саян Астанаға келді. Жанында аңызға айналған Құралбек Ордабаев. Құралбек аға Елордадағы ағайындарының бірінің ертесіне болатын тойына келсе керек ал Саян сол кездегі  спорт комитетінің  басшысы Дәулет  Тұрлыхановқа кіріп шығуды жоспарлапты. Алматының  әуежайында кездескен қазақтың қос спорт саңылағын біздің үйдің дәмі тартқан ғой, ағамның арқасында доп қуған барша қазақ баласының кумирі-Қазақтың Құралбегі шаңырағымда қонақ болды. Ретімен айтайын. Әуе жайдан Саян маған телефон шалды.
-Сайыш үйдесің бе?
-Иә,  үйдемін.
- Үйде сүр ет бар ма?
- Сүр де, жас ет те табылады, келе жатсың ба?
-Сөзді бөлме, тыңда.  Келінге айт, жас ет қосып, сүрден молынан салып қазан көтерсін. Жол амандығын берсе ет піскенше біз де деп кеп қалармыз. Сол күні Саян Құралбек ағаны жібермей қасында алып қалды. Әлі өкінем.., төр бөлмеде, құстөсекте қатар жатып қорылға басқан қазақ спортының қос арысын неге шырт еткізіп  суретке басып алмадым деп...

Беу дүние-ай, кім білген?!
Ертесіне Астанадағы Әуезов пен Мәскеу көшелерінің қилысындағы спорт комитетіне келдік. Сенбі болғандықтан ба Дәулет Тұрлыхановтың қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздың орнында құлағы қалқайған бір бала жігіт отыр. Амандасып жөн сұрастық, Дәулеттің көмекшісі  екен. Қалқан құлақ көмекшінің өзі кішкентай болғанмен сөзі түйеден түскендей ірі шықты. Әй-шәй жоқ әлгі бәле Саянға «Сен Дәулет Болатұлының шақыруынсыз неге келдің»-, деп дүрсе қоя берсін. Мынандай сорақылыққа, көргенсіздікке Саянның қалай шыдағанын білмеймін, менің қаным басыма шауып «әй найсап, сен кімге едіреңдеп тұрсың!»-, деп шегірткенің айғырындай шіңкілдеген көмекшіге тұра ұмтылып, жағасына жармастым. Саян ағам «қой Сайын, Дәулеттен ұят болады»-, деп мені тік көтеріп дәлізге алып кетті. Кіреберіс бөлмедегі шуды естіген болуы керек дәлізге Дәулеттің өзі шығып, Саянды құшағына қыса амандасып бізді  төрге оздырды.
Саян келген мәселесін айтты. Бояушы- бояушы дегенге сақалын бояйды демекші Спорт комитетіндегі  экономист "мамандар" қаржы үнемдейміз деп командадағы 11 ойыншының санын 8 ге қысқартып тастапты. Саян солардың бұл "білгіштігін" түзетуді, қаржыны дұрыс бөлуді сұрады. Дәулет көз бе көз экономика саласына жауапты орынбасарына телефон шалып қателікті түзетті. Сөйтіп, командасының  бас аяғын Астанаға келіп әрең түгендеген Саян ағам көңілі орнына түсіп Алматыға, артынан көп ұзамай мәңгілікке аттанды. Менің ойымша, тепсе темір үзер қайратты азамат, даңқты спортшы жүрегінің кенеттен тоқтауының бір сыры қазіргі спорт төңірегіндегі тек қалтаға түсер пайда мен теңгені санаған кесір саясатта жатқан сияқты. Бірақ ұлт намысын ойлаған ұл спорт саласындағы сол зымиян тірлікке көніп бақты. Жанына батқан жайларды жан баласына білдірмей, іштей тынды. Алайда, жүйке шыдағанмен, жүрек сыр берді...

Саян ағам әрдайым түсіме кіреді. Меніңше «.. уақыт емші» деген жай жұбату үшін айтылған сөз орамы ғана. Саянның фәниден бақиға кеткеніне 20 жылдан асса да оны әрдайым сағынамын.
Топырағың торқа болсын, Саян АҒА!