Сәуірде туған саңлақтар

Сәуір айында дүниеге келген адамдардың мінезінде қаталдық пен батылдық басым болатын көрінеді. Ал осы айда дүниеге келген спорт майталмандары жайлы не білеміз?

Василий Жиров – 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан. 81 келі салмақта сынға түсіп, алтын медаль мен техникалық шеберлігі ең жоғары деп танылған боксшыға берілетін «Баркер» кубогын жеңіп алған спортшы. 1974 жылы 4 сәуірде Қарағанды облысының Балқаш қаласында дүниеге келген. «Балқаштың жолбарысы» атанған Жиров 12 жасынан бокспен айналысқан екен. Спортшы ІВҒ версиясы бойынша кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы атанып, «Парасат» орденімен марапатталған. Кәсіпқой бокста Жиров 42 жекпе-жек өткізіп, оның 38-інде жеңіске жетіп, үш рет жеңілген және бір рет тең түскен.

Бекзат Саттарханов та 4 сәуір күні 1980 жылы дүние есігін ашқан. Ол ең алғаш 1995 жылы 15 жасында Түркістан қаласында өткен З.Сейітбековті еске алу турнирінде тұңғыш рет топ жарған. Жақындарының сөзінше, ол осы жүлдесінің өмірінде өте ыстық екенін айтқан. «Түркістан –95» деген жазуы бар қарапайым қыш құмыраны Сидней Олимпиадасының алтынымен тең көрген деседі. Дәл сол жылы жасөпірімдер арасындағы халықаралық жарыста жеңімпаз атанып, бапкерлер көзіне түсе бастаған. Сидней  Олимпиадасына аттанар кезде ұшақ баспалдағында тұрғанда ағасы Мақсатқа: «Менен алтын күтіңдер!», – деп айғайлап, жеңетінін алдын ала сезгендей болған.

Бала кезімізде Бекзат ағамыздың ерліктерін естіп өстік. Бізбен қатарлас ұлдар бокс үйірмелеріне қатысып, ағамызды үлкен мақтаныш көретін, еліктейтін. Сол жылдары дүниеге келген бөбектердің есімдерін ырымдап Бекзат атағаны осы себепті болар. Бекзат бар-жоғы 20 жасында Олимп шыңын бағындырып, құйрықты жұлдыздай ағып өтті.

 Геннадий Головкин 1982 жылдың сәуірінде Қарағанды қаласында туған. Бүкіл әлемге танымал қазақстандық былғары қолғап шебері – егіздің сыңары, оның Максим атты ағасы бар. Екеуі де боксқа алғаш рет 8 жасында бірге барған. Олар №1 Қарағанды кәсіптік училищесінде жаттыққан. Геннадий әуесқой бокстағы алғашқы ресми айқасын 11 жасында аймақтық турнирде өткізеді. Онда оған өзінен 2–4 жас үлкен спортшыларға қарсы шығуға тура келген, бірақ соңында ол осы жарыстарда жеңімпаз болған. Генаның егізі Максим де жастар арасындағы бокстан чемпион атанды. Тіпті, Афинадағы Олимпиадаға жолдама алуға мүмкіндігі болыпты. Бірақ ол одан бас тартқан. Себебі, рингте бауыры Генаға қарсы шыққысы келмеген деседі.

Головкин кәсіби бокста 40 рет жұдырық түйістіріп, оның 38-де жеңіске жеткен, 34 жекпе-жегінде қарсыласын нокаутқа түсірген. Өзі ешқашан нокаутқа түсіп көрмеген. 2013 жылдың наурыз айында Головкин HBO каналының «Гатти тізімі» деп аталатын ең танымал жауынгерлердің тізіміне кірген. Лақап аты – GGG. Елімізде осы атаумен түрлі брендтік спорттық киімдер бар.

 

АНЫҚТАМА

Бүгінгі таңда шаһарда шаршы алаңға шығуға ұмтылып жүрген жастарымызды жаттықтыратын 76-дан аса бокс үйірмесі бар. Олардың бірінде жастары 6-дан жаңа асқан жеткіншектерді қабылдап жатса, екіншісінде 18 жасқа толған ұл-қыздар бой көрсетіп жатады.

Сайып келгенде, спорт та – бейбітшілік елшісі.

 

Ақтолқын ТҰРЛЫҒАЗЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *