Сәкенді түрмеден алып қашқан Ахметтің Аманбайы

567Арақ пен төбелеске тосқауыл қойды

Аузын ашса жүрегі көрінетін, аңқылдаған ақкөңіл осы бір жігіт ағасымен кездескен сайын сонау алты қырдың астында қалған балалық шақ еріксіз еске түседі. Ақын жырлағандай, «терезенің жақтауына атын ойып жазған» қаракөз қызға алғаш ғашық болған қызыққа толы бозбала, шырындай тәтті балдәурен балалық шағын кім сағынбайды? Күнделікті күйбең тірлікпен арпалысып, аласұрып жүргенде сол бір ертегідегідей ғажайып заманды ұмытып кететін кездер де кездеседі. Бірақ, осы мейлінше мәдениетті, терең білімді, қарапайым да кішіпейіл адаммен кездесіп қалғанда, достық пен махаббатқа толы, өмірде қайталанбас сол кезің ескі кинолентадай болып көз алдыңа келеді. Бұл адамның аты-жөні – бүгінде үлкен ғалым, үлкен ұстаз  Аманбай Ахметов! (Оны құрдастары академик Ахметов деп атайды).

Аманбайдың спорттағы жетістіктері бәрімізді қызықтыратын. Сабақты да жақсы оқыды. Ол талай рет мектептің, ауданаралық және облыстық спартакиалардың чемпионы атанды. Жоғары сыныпта оқып жүргенде-ақ респуб­ликалық жарыстарға қатысып, жеңістерге жетті. Ауылдан шыққан нар тұлғалы, қапсағай қара бала кейін «КСРО спорт шебері» атағын алғанда, оған ешкім таңданған жоқ. Солай болуға тиіс десті.

Мектепті бітіргеннен кейін Аманбай өзінің туған Байқадам кеңшарында екі жылдай комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет істеді. Осы екі жыл ішінде ол кеңшар жастарын ұйымдастырып, бірнеше спорт секцияларын ашты. Байқадамдықтар күрес, волейбол, баскетбол, футбол, жеңіл атлетикадан өткен жарыстарға қатысып, талай рет чемпион атанды.

Кейін лауазымды қызметтер атқарған құрдасы Мұхамедия Жағалбайлыұлы былай деп еске алады.

– Аманбай комсомол жетекшісі болып келгенде, ауылымызда бірде-бір спорт секциясы жоқ еді. Жастар көп. Ауылдағы шағын клубта анда-санда кинофильмдер көрсетіледі. Апта сайын би кештерін ұйымдастырған боламыз. Бірақ, оған ауылдың ұялшақ, бұйығы қыздары келмейді. Қыздар жоқ жерде қандай жетіскен би болады? Кілең бойдақ бозбалалар билеудің орнына, тоқты қошқарларша сүзісіп қаламыз. Жасыратын несі бар, басқа «барар жер, басар тауымыз» болмаған соң, ішіміз пысады. Жиналып, «собраз» жасап, арақ ішеміз. Арақ ішілген соң белгілі ғой, арты гүж-гүж сөзге, оның арты сарт-сұрт төбелеске ұласады.

Калининнен келіп тұратын «атаман Қодар» деген «лауазымы» бар жиеніміз болушы еді. Сол келген сайын сөзсіз төбелес болады. Өзі қала көрген, ұрысқа мықты, төбелес десе «ішкен асын жерге қоятын» жігіт. Ауылда «атаман­сымақ» болып жүрген мені иектен бір-ақ ұрып жалпамнан түсіріп, «лауазымымды» тартып алды. Оған қарсы келуге біз бата алмаймыз. Өйткені, ол Аманбайдың жан жолдасы әрі ауылымызға жиен. Қазақта «Жиенді ұрған адамның қолы қалтырайды» деген сөз бар. Ол кезде біздер мұндай салтты қатты сақтай­тынбыз. Кейін Қодар жылқы бағып кетіп, біз одан құтылдық. Бірақ, арақ пен төбелестен құтыла алмадық. Көше-көше болып төбелесуді жалғастыра бердік. Әр тойдан кейін қораз­дарша шекісу дәстүрге айналған кез еді.

Ахметтің Аманбайы ауылға қалай келді, төбелес, арақ ішу солай тоқтады. Бойында алапат қуаты бар, ұрмай-соқпай-ақ екпінімен адам жығатын Аманбайды бәріміз сыйлаймыз әрі одан қаймығамыз. Ол келісімен барлық құрылысшы, механизатор, егінші, малшы жастардың басын қосып, комсомол жиналысын өткізді. «Бос уақыттарыңда босқа көше кезіп, арақ ішкенше, спортпен шұғылданыңдар. Әрқайсың қабілетіңе қарай спорт секцияларына жазылыңдар. Облыстық «Қайрат» ерікті  спорт қоғамының басшыларымен келісіп келдім. Олар бізге спорт инвентарьларын беретін болды. Бәрің де «тепсе темір үзетін» жігітсіңдер. Стадионды өзіміз жасаймыз. Оған кеңшар қаржы бөлетін болды. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз бар. Атымызды арақпен, төбелеспен шығармай, спортпен шығарайық. Жас ұрпаққа жақсы үлгі көрсетейік», – деді. Сөйтіп, кеуде­мізде намыс отын маздатты. Міне, біз сол күннен бастап салауатты өмір салтына көштік. Әркім өзінің қабілетіне қарап спорт секция­ларына жазылды. Көптеген жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрдік. Енді-енді «алқаш» атағын алғалы жүрген кейбір жігіттер арақпен «араздасып», спорт жолына түсіп кетті. Бұған ауылымыздың үлкендері қуанды. Іштей өзіміз де қуандық.

Айтайын дегенім, сондай жас кезінің өзінде-ақ, Аманбайдың ұйымдастырушылық қабілеті күшті еді. Кейін естіп, күлдік. Ауыл орталы­ғындағы арақ-шарап дүкенінің сатушысы Ажай апамыз: «Аманбай деген кісәпір кәмсемел келді де, арақ ішетін жастардың барлығын қойша иіріп, стадионға айдап кетті. Содан бері жоспарымды орындай алмай, бастықтардан күнде сөгіс естіп жүрмін» , – деп ренжіпті. Ауылымызда тұңғыш комсомолдық үйлену тойын арақсыз өткізген де сол Аманбай болды. Құттықтау сөзінің соңын «Ал, алып қояйық!» – деп аяқтайтын кейбір кісілер ренжіп жүрді. Бірақ, жалпы жұртшылық бұл дәстүрді қолдады.

Кейін Аманбай Алматыға оқуға кетті. Біраз уақыт сағынып жүрдік. Ол негізін қалап кеткен спорт секциялары осы уақытқа дейін жұмыс істеп тұр. Кезінде біздер қатысқан сол секция­ларға қазір немере-шөберелеріміз қатысып, шынығып жүр. Сол үшін де Аманбайға ризашылығымыз шексіз.

Ахмедия ақсақал сөзін осылай аяқтады.

 

Бюроның қаулысын орындамасақ, бас кетеді

…Шілде айының бір күні кеңшар директоры Ақатай Ақбаев кабинетіне Аманбайды шұғыл шақыртып алды. Әңгімені сөзбұйдаға салып, көп созбайтын директор бірден іске көшті.

– Аманбай, сен жоғары оқу орнына барғалы жүр деп естідім. Ол талабыңа қосыламын. Қысқасы, былай, кеше райкомның бюросында болдым. Онда жас кадрлар мәселесі сөз болды. Бірінші хатшы Ұзақбай Сыздықбаев жолдас сенің ауыл, аудан спортын дамытуға қосып жүрген үлесіңді қатты мақтады. Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыра бастағаныңнан да хабардар екен. Ол кісінің аузынан көп мақтау сөздер шыға бермейді. Жо­лың болғалы тұр, жігітім. Яғни, сені Алматыға жоғары оқу орнына арнайы жол­дамамен жіберіңдер деді. Айтпақшы, өзің қай оқуға барғалы жүр едің?

– Ақа, мен толыққанды, нағыз спортшы болғым келеді. Сондықтан Алматыға физ­культура мен спорт институтына барсам деп едім. Өзіңіз білесіз, мен «КСРО спорт шебер­лігіне кандидатпын». Мені институтқа кон­курссыз қабылдайды. Спортты жанымдай сүйемін, – деді Аманбай.

– Білем, білем, балақай. Бірақ, мені де дұрыс түсін. Хатшы осы істі маған тапсырды. Біздің кеңшар аудандағы көпсалалы ең үлкен шаруашылық. Өзің білесің, шаруашылық рентабельді болғанымен, жоғары білімді мамандар аз. Тіпті, саусақпен санарлық қана. Енді біраз жылда жоғары білімі жоқ, бірақ, тәжірибелі мамандар зейнетке шығады. Ғылым мен техника өркендеп келеді. Олардың орнын, менің, тіпті, бірінші хатшының орнын басатын білімді мамандар керек. Алматы зоотехни­калық-малдәрігерлік институтына аудан бойынша жалғыз жолдама келіпті. Бюрода соны саған беру жөнінде шешім қабылданды. Мұны аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов, басқа да бюро мүшелері бірауыздан қолдады. Мен сол институтқа қатарынан үш жыл барып жүріп әзер түскем. Бес жыл бойы стипендиясыз, кім көрінгеннің үйінде пәтер жалдап тұрдым. Ал, сен кеңшар есебінен тұрақты стипендия алып тұратын боласың. Жатақханамен қамтамасыз етілесің. Тек қана,  алаңсыз оқы, оқы және оқи бер. Жақсы маман болып шық. Есіңде болсын, шарт бойынша оқуыңды бітірген соң ауданға қайтып ораласың. Бір сағаттың ішінде мамандығың бойынша жұмысқа орналасасың. Басқалар сияқты жұмыс іздеп сандалып жүрмейсің. Үйленіп келсең, пәтерің дайын.

Міне, бала, бұл жолдаманың күші сонда. Оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Ойлан, бала!

– Спорт, спортты қайтемін? – деді Аманбай кібіртіктеп.

– Сол да сөз бе, – деді директор бұған жымия қарап, – оқып жүріп-ақ спортпен айналыса аласың. Зооветтің спорт залы керемет, фантастика. Онда талай чемпио­н­дарды дайындап шығарған тамаша тренерлер жұмыс істейді. Жабдығы ғажап. Менің де біраз жерге баруға мүмкіндігім бар еді, бірақ, өзімнің қопалдығым кедергі келтірді. Ал сенің жолың ашық, шыныққан, дайын спортшысың. Сабақтан бос кезіңде бар да жаттық. Бір-ақ жылда спорт шебері болып шыға келесің.

Аманбай жиырма алты жасында кеңшар директоры болған білімді де, алғыр, іскер ұйымдастырушы Ақбаевқа ойлана қарап отырды да:

– Әкеммен, ағаммен ақылдасайын, – деді.

Директор өзінің әзілқой, ақжарқын мінезіне салып қарқ-қарқ күлді.

– Кешір бала, мен сенің алдыңда ғана Ахаңмен (әкесі Ахметті айтып отыр), Дүкеңмен (ағасы, ақын-журналист Дулатты айтып отыр) кездесіп, әңгімелестім. Олар сенің осы оқуға баруыңа қуана келісіп отыр. Так что, бала, балтай-шалтайды қой да, жолға жинал. Сені үлкен болашақ күтіп тұр! Бюроның қаулысын орындамасам, менің басым кетеді. Әлде менің басым екеу деп ойлайсың ба?

Үлкенмен де, кішімен де әзілдесіп жүретін, кісілігі мол осы жас директорды Аманбай қатты құрметтеп, сыйлайтын.

– Бір басыңыз орнында тұра берсін, Ақа, – деді.

Ақатайдың айтқаны айдай келді. Институт қабырғасында жүріп спортпен тұрақты шұғылданды. Талай рет республикалық, одақтық жарыстарға қатысып, жүлде алды.

Арада бір жыл өтпей «КСРО спорт шебері», кейінірек «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын алды.

 

 Серттен тайған Аманбай

Махаббат, қызық мол жылдарға толы студенттік өмір зу етіп өте шықты. Ғалым-зоотехник дипломын алды. Аманбайдың алдында өзін өте қинаған екі жол тұрды. Бірі – өзі серт беріп кеткендей, туған елге оралып, шаруашылыққа араласу. Екіншісі… – институтта қалып, тәтті дәмін тата бастаған ғылыми жұмыспен айналысу (Өткен жылы-ақ оған институт басшылығынан кафедрада қалу жөнінде ұсыныс түскен).

Аманбай терең ойға кетті. Өмірінде екі сөйлеп көрмеген еді, қатты қиналды.

Осындай екіұшты оймен ауылға аттанды. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген қазақ емеспіз бе, алдарына барсам, мені түсінер деген үкілі үмітпен аттанды. Барса, райком хатшысы демалысқа шығып кетіпті. Ауатком төрағасы Қырықбай Асанов­тың есігін имене қақты. Асанов алды қатты, бірақ, қайтымы тез адам. Көңіліне жақпаса, аюдай ақырып, боқтап жіберетін мінезі де бар.

Қырықбай орнынан тұрып, Аман­баймен қол алысып амандасты. Дип­ломымен құттықтады.

– Арақ ішесің бе? – деді отырып жатып.

– Жоқ, ішпеймін.

– Оның дұрыс екен, мен де арақ ішпеймін. Күн күйіп тұр, онда «Са­рыағаш» суын ішейік, – деді жай­дарылана күліп. Осы сәтті пайда­ланып, Аманбай өзінің ғылыми жұ­мыс­пен айналыссам деген арманын ағытты. Айтамын деп келген ойын түгел жеткізді.

Қырықбай көпті көрген, Мәскеуде партшколда Моңғолия басшысы Цеденбалмен бірге оқыған кісі болатын.

Сөзінің соңында Қырықбай тағы былай деді:

– Бұрынғыдай емес, қазір ауданға жоғары білімді жастар келіп жатыр. Олардың қандай маман болып шығатынын уақыт көрсетер. Ал сенің ғылым­мен айналыссам деген мақ­сатыңды құптаймын. Институт бас­шылығы сенің қалуыңа ұсыныс жасап отырса, ол тегін емес, яғни, сенен көп үміт күтіп отыр. Мен де сол инсти­тутта оқыдым. Бірақ, маған қал деп ешкім айтқан жоқ. Яғни, менен ғалым шықпайтынын ол кісілер жақсы білген. Қазақта «шақырғанға бармасаң – шақыруға зар боларсың» деген ұлағатты сөз бар. Қал, десе, қал. Біздің ауданнан шыққан ғалымдар көп емес. Жақсы ғалым болып шығуыңа шын жүректен тілектеспін. Ертең бұл ғалымды өзіміз тәрбиелеп, оқытып шығарғанбыз деп мақтанып отыратын болайық. Ал райком хатшысымен өзім сөйлесемін. Бар, жолың болсын!

Аманбай бойынан ауыр жүк түскендей Қырықбайдың алдынан қанаттанып шықты. Серттен тайдым-ау деп қиналып жүруші еді, осы кездесуден кейін сол «сертінен тайғанына» қуанды.

 

Жандосовпен бірге жылу жиған

Аманбайдың әкесі Ахмет ел арасында сөзі өтімді, белді, беделді адам болған. Сонау төңкерістің аласапыран жылдарында С.Сейфул­лин, Б.Серікбаев, Ж.Сәдуақасов, Ш.Ерәлиев, Ә.Асылбеков сынды революционерлермен бірге жүріп ақ патшаға қарсы соғысқан. Өз бетінше оқып, сауатын ашқан. Милиция жасағында болып, бай-манаптардан кедей-кепшіктердің есесін қайтарып әперген. Өзі өмірінде әділдікті жақтап өткен.

Басқасын былай қойғанда, ол кісі ел есінен кетпейтін екі ерлік жасаған адам. Соның біріншісі – Сәкенді Омбы Острогы деп аталатын абақтыдан құтқаруы. Ел жігіттері абақтыда азап шегіп жатқан Сәкен мен Бәкенді құтқару үшін өз бастарын қатерге тікті. Бәкен түрмеде жатып қайтыс болды. Ажақай деген батыл да тәуекелшіл жігіт бар еді. Сол екеуі бірнеше жігітті ұйымдастырып, ебін тауып Сәкенді ұрлап бостандыққа алып шықты. Арттарынан қуа шыққан ақтың әскерлерін Бетпақтың елсіз даласында адастырып кетті. Бетпақтың «Кереге жайған» деген жерінде Ахметтің өзі ғана білетін тас үңгір бар екен. Бұл пәниде күнәсіз пенде бар ма? Ахаң бозбала кезінде ауылын аштықтан құтқару үшін, жалғыз жүріп байлардың малын торыған. Қолына түскен саяқ жылқыны айдап әкеліп осы үңгірге тыққан. Ел аяғы басылған соң барымта малды аш-арықтарға тара­тып беріп отырған. Ол Сәкенді меңіреу даладағы осы үңгірге әкеліп тығып, аман алып қалған. Бұл тас үңгірді білетін ел осы уақытқа дейін «Сәкеннің үңгірі» деп атайды.

Екіншісі – Ораз Жандосовпен бірге үкіметтен жылу жинап, аштыққа ұшыраған Арқа жұртына астық жеткізіп беруі.

Адам етін адам жеп жатқан атақты жұт. Бір бұтаның түбінде он қарақшы жатқан зұлмат заман. Жүз ырдуан арбаға тиелген астықты қарақшылардан қорғап, аш халыққа жеткізіп берген Ахмет сияқты халқын сүйетін атпал азаматтар өздері аштықтан инеліктей қатып жүрсе де, сол астықтың бір дәніне де тиіспеген. Сөйтіп, жүздеген отбасын аштықтан құтқарып қалған. Міне, Аманбайдың әкесі Ахмет осындай болған адам.

* * *

Институттың «Мал азықтандыру» кафедрасына жұмысқа қалдырылған Аманбай Ахметов өзі армандаған ғылым тұңғиығына еркін сүңгіді. Сегіз ғылыми кітаптың авторы болды. Оның екеуі – оқулық, алтауы – оқыту құралы. Сонымен қатар, алты оқу әдістемелігін құрастырды.

Қырық жастан сәл асқан ша­ғында ауыл шаруашылығы ғы­лым­дарының кандидаты диссер­тациясын сәтті қорғады. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің еңбек ардагері, доценті және профессоры атағын алды. Университет бойынша «Үздік ұстаз» деген аттың иегері. Қоғамдық жұмыстарда қол жеткізген табыстары үшін ҚР Президентінің «Мақтау қағазымен» марапатталды. Өзін оқытып, ғылымға жол ашып берген Сарысу ауданының «Құрметті азаматы».

Байқадам ауылының кәрі-жасы, әсіресе, әкесін білетін ақсақалдары Аманбайдың игі істеріне қуанып, оған алғысын айтып отырады. Ұлы Мұхтардың «Түркістан осылай туған» кітабының басты кейіпкері, комсомол жетекшісі, кейін кеңшар, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған, «Қазақ­станға еңбегі сіңген зоотехник» Иген Нұрмаханов ақсақал: «Әкесі Ахмет те жақсы істердің жанында жүруші еді. Аманбай әкесіне аумай тартқан екен. «Әкеге қарап,  ұл өсер» деген осы болар», – деп отырады.

…Кешегі атақты спортшы, бүгінде белгілі ғалым-ұстаз Аманбай Ахме­тов кері қайтпайтын өмір өзенімен қатар жүзіп отырып, жеті қырқадан асыпты. Ол әлі сонау алыста қалған жиырма жасын­дағыдай ширақ, ойы сарабдал, айқын. Құрметті әке, ақылгөй ата. Жұбайы Рымтай Сәрсенбекова адам жанының ара­ша­шысы – ғалым-дәрігер. Балалары – Тәкен, Қаршыға, Сәкен түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Немерелері – Әбілхайыр, Санжар, Кемелбек, Ибрањим, Исмайл өз саласының білгір мамандары, Аманбай мен Рымтайдың қуанышы, болашағы. Осындай ұрпақ тәр­бие­леп отырған қос ғалым қартаймақ емес, қайта жасара түспек.

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *