Роман Скляр Алматының сейсмикалық қауіпсіздігі туралы айтты

Роман Скляр Алматының сейсмикалық қауіпсіздігі туралы айтты
Сурет: Ашық дереккөз

Қазір алаңдауға негіз жоқ

17 ақпанда өткен парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Алматыдағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мәселені Сенат депутаты Сергей Ершов көтерді. Түркиядағы жойқын жер сілкінісіне тоқталып, бізде де сейсмикалық қауіпті Алматы сияқты өңір бар екенін айтты. Осы орайда ол Роман Склярдан Алматыдағы сейсмикалық қауіпсіздік жағдайын қалай бағалайтынын және Түркиядағыдай қайғылы оқиға елімізде қайталанбауы үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

"Алматыда бір ғана институт бар. Ол - Қазақстан құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты. Мекеме сейсмикалық аймақтағы ғимараттарды жобалау мәселесімен тарихи түрде айналысып келеді. Қазір алаңдауға негіз жоқ деп есептеймін. Тиісті шенеуніктер тиісті құжаттарға қол қоя отырып, осымен айналысады және өз жұмысына жауап береді", - деді Роман Скляр.

6 ақпан күні таңертең Түркия мен Сирияда күшті жер сілкінісі болды. Тербеліс магнитудасы 7,8 балл болды. Алғашқы жер сілкінісінен кейін тұрғындар кем дегенде тағы он шақты жер сілкінісін сезінді.