Президенттік сайлау: шетелдік бақылаушылар көзқарасымен

Жандос БАЙДІЛДА

Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала берген мәліметі бойынша, Қазақстандағы кезектен тыс Президенттік сайлауды қадағалау үшін арнайы шет елдерден 1059 халықаралық бақылаушы келеді деп күтілген болатын. Сондай-ақ, олардың дені ТМД елдерінен және ЕҚЫҰ-ның өкілдері екендігінен де халық хабардар. 

Сайлау туралы заңнамаларға сәйкес, шетелдік журналистер де халықаралық байқаушылар ретінде саналады екен. Мәселен, қазақстандықтардың сайлауға қаншалықты белсенді атсалысып жатқандығын көруге шетелдік БАҚ-тың 90 өкілі келді. Осыған байланысты, Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінде шетелдік бақылаушылар делегациясы өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізілді. Онда халықаралық бақылаушылар қазақстандықтардың президенттік сайлауда қаншалықты бейтарап әрі әділ дауыс беріп жатқандығына байланысты әңгіме қозғады.

Қазақстандағы президенттік сайлаудың Орталық Азия үшін де маңызы жоғары

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына Түркиядан келген халықаралық   бақылаушылар   делегациясының мүшесі, Түркияның жалпыұлттық «Сабах» газетінің шолушысы Кюрдаш Эзороғлы:

– Қазақстан – тек тарихи және мәдени тұрғыда ғана емес, дипломатиялық қарым-қатынаста да Түркияның маңызды серіктестерінің бірі. Сондықтан, Түркия елі Қазақстандағы демократиялық қағидаларға негізделген  тұрақтылықты  әрқашан қолдайды. Қазақстандағы сайлау науқанының да өз деңгейінде өткізіліп жатқандығының куәсі болдық. Жалпы,  Қазақстан Президентінің сайлауы тек сіздердің елдеріңіз үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін де маңызы жоғары екендігін айтқым келеді. Осыған байланысты, Түркиядағы барлық жетекші басылымдар осы тақырыпқа қатысты егжей-тегжейлі сараптамалық материалдар арнайтын болады, – деді Алматыда өткен брифингте.

Халықаралық бақылаушылар мүшесі, түркиялық қоғамдық-танымдық газетінің журналисі Куршад Зорлу да БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Қазақстанда өтіп жатқан Президенттік сайлаудан алған әсерімен бөлісті:

– Әр жылдары түрлі елдерде бақылаушы міндетін атқардым. Тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, Қазақстандағы сайлау еш қиындықсыз, тұрақты әрі жоғары дайындықпен өтіп жатыр деп айтуға болады. Мен қазақ жерінде бұрын да болғанмын.  «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында деректі фильм түсіруге атсалысқанмын. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Қазақстан елі ол кезге қарағанда едәуір қуатты мемлекеттердің біріне айналған. Мәселен, соңғы жылдары Қазақстанға шет елдерден 70 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартылған екен. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Тіпті, мұндай олжаға Түркия елі де кенеліп көрген жоқ. Сондай-ақ, екі елдің арасында ежелден жалғасқан мәдени қарым-қатынасты одан сайын нығайта түсу қажет. Мәселен, қазақ жерінде түркиялық телесериалдар өте көп көрсетіледі екен. Егер алдағы уақытта түрік киноларына сұраныс көп болатын болса, оның тиімді жолдарын қарастырамыз. Тіпті, түрік актерлерімен кездесу өткізу үшін де жағдай жасаймыз, – деді түркиялық бақылаушы.

Сайлауға дейінгі дайындық кезеңі өте жақсы ұйымдастырылған

Грекия елінің басшылары Қазақстандағы президенттік сайлауды бақылауға Алматыға  – 3 делегат, Астанаға – 4 делегат жіберіпті. Оның себебі де бар. Халықаралық бақылаушылар мүшесі, Грекиядағы «MIR I OMONIA» газетінің журналисі Инга Абгарова:

– Қазақстанда президенттік сайлауға дейінгі дайындық кезеңі өте жақсы ұйымдастырылған деп бағалаймын. Өйткені, сайлау барысында ешқандай келеңсіз жағдайлар орын алған жоқ. Қазақстандағы сайлауға Грекия басшылығы да үлкен қызығушылық танытады. Себебі, Грекияда посткеңестік елдерден көшіп барған азаматтар көп мекен етеді, – деген пікір білдірді.

Бұл пікірді Грекия бақылаушылары делегациясының жетекшісі Христос Анастасиадистің де айтқанымен ұштастыруға болады:

– Халықаралық бақылаушы ретінде Қазақстандағы Президенттік сайлаудың өту барысына жоғары баға беремін. Біз сайлау учаскелерінің бірнешеуінде болдық. Қала халқы ұйымдасқан түрде сайлауға лек-легімен ағылып, белсенді атсалысып жатыр. Сайлау – елдің әрбір азаматының өз ой-пікірін  білдіру мүмкіндігі.  Осыған лайық әр азамат өз таңдауын жасайтындығына сенемін. Біз халықтың кез-келген таңдауын құрметтейміз. Өйткені, Қазақстандағы сайлау нәтижесі әлем үшін маңызды, – деді Грекия бақылаушылар делегациясының жетекшісі.

Сайлауға қатысушылардың басым көбі – жастар

Елімізде өтіп жатқан ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты ұйымдастырылған брифингте ресейлік бақылаушылар тобының өкілдері  де өз ойларын ортаға салды. Ресей халықаралық бақылаушылар делегациясының мүшесі, Воронеж облысы сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Селянин:

– Біріншіден, Қазақстанда  сайлаушылар таңдауының  толық еркіндігі  қамтамасыз  етіліп отыр. Сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын,  әсіресе, сайлау комиссияларының үйлесімді жұмыс жасағандығының куәсі болдық. Келер жылы Ресейде де президент сайлауы өтеді. Сол кезде де Ресей халқы қазақстандықтар секілді сайлауға белсенді қатысса екен дейміз. Мысалы, Алматыдағы №193 сайлау учаскесіне таңғы сағат 10-ға дейін 700 адам келіп дауыс берді.  №194 сайлау учаскесінде де осы мөлшерде болды. Бұл – халықтың президенттік сайлауға бей-жай қарамайтындығын көрсетеді, – деді. Сондай-ақ, ресейлік бақылаушылар делегациясының тағы да бір мүшесі, Белгород облысы сайлау комиссиясының төрағасы Николай Плетнев:

– Егер Қазақстан халқының сайлауға қатысу белсенділігі кешке дейін мен көрген қалыпта жалғасатын болса, онда  бұл – ең жоғары деңгейде өткен сайлаулардың бірі болуы әбден мүмкін. Бақылаушы ретінде бірнеше сайлауға қатысушылармен кездескенде, көпшілігі  сайлаудың әділ әрі заң шеңберінде өтіп жатқандығын айтты.  Бір қуаныштысы, сайлауға қатысушылардың басым бөлігі жастар, яғни студенттер, – деп баға берді.

P.S. Қазақстандағы Президенттік сайлауды қадағалау үшін арнайы Америкадан және ШЫҰ-ның өкілдері де белсенділік танытты. Сондай-ақ, олар еліміздегі кезектен тыс Президенттік сайлаудың өтуіне оң бағасын берді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *