Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық
Сурет: ашық дереккөз

Президент төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Үкімет үйінде өтіп жатқан жиынға Премьер-Министр, Парламент палаталарының спикерлері, Президентке тікелей есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстар мен аудандардың әкімдері, Сенат пен Мәжілістегі парламенттік фракциялар мен комитеттердің жетекшілері, облыстық және аудандық мәслихаттардың төрағалары қатысуда.

Бұған дейін Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және ауыл шаруашылығын дамыту, қосымша құны жоғары қазақстандық тауарларды экспортқа белсенді түрде шығару жұмыстарын жандандыруды тапсырған еді.

«Жуырда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Үкімет қайта жасақталды. Осылайша, ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталды деуге болады. Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан біз нақты іс-шараларға баса мән беруге тиіспіз. Мен Парламент сессиясының ашылуында заңнамалық тұрғыдан шешілуге тиіс бірқатар мәселені атап өттім. Ал бүгін әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуымыз керек. Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болады. Осы басқосуға мәслихаттардың өкілдері қатысып отыр. Бұл да – нақты саяси өзгерістердің нышаны. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады», - деді Мемлекет басшысы.