Полицейлер Қызыл кітапқа енген жануарлардың 844 мүйізін тәркіледі

Полицейлер Қызыл кітапқа енген жануарлардың 844 мүйізін тәркіледі
Сурет: Polisia.kz

Қарағанды облысының полицейлері Қызыл кітапқа енген жануарлардың 844 мүйізін тәркіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ақпан айының басында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының қызметкерлері Қызыл кітапқа енген жануарлардың мүйізін сату қылмысының жолын кесу және алдын алуға бағытталған жедел алдын алу іс-шараларын өткізді. Осы іс-шара барысында полицейлерге мүйіз сатумен айналысып жүрген тұрақты топ туралы ақпарат түскен.

«5 ақпан күні Жаңаарқа кентінде жүргізілген жедел іс-шаралар барысында 29 жастағы азаматтың басқаруындағы автокөлік тоқтатылды. Көлікке жүргізілген тексеріс барысында 844 мүйіз тәркіленіп алынды. Автокөліктің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта жүргізушінің екі сыбайласы анықталып ұсталды», – деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-1-бабына сәйкес, “Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ, пайдалануға тиым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналусы” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясына сәйкес, мүлкін тәркілей отырып, үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.