Поэзия! Менімен егіз бе едің?

Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сурет: Depositphotos

Бүгін - халықаралық поэзия күні.

Демек, бұл күні тек поэзия жазатындардың ғана емес, осы өнерден сусындап, ақындардың жазған өлең шумақтарын сүйіп, тіпті жатқа оқитын жандардың да мерекесі деуге болар...

1999 жылы ЮНЕСКО-ның Бас Конференциясының 30-шы сессиясында жыл сайын 21 наурызда Дүниежүзілік поэзия күнін (World Poetry Day) атап өту туралы шешім қабылданды. Бірінші бүкіләлемдік поэзия күні ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан Парижде өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

 «Поэзия қазіргі заман адамының ең өткір және терең рухани сұрақтарына жауап беруі мүмкін, бірақ ол үшін оған мүмкіндігінше кең қоғамдық назар аудару қажет», - делінген ЮНЕСКО-ның шешімінде.

Поэзия елдерді, халықтарды, мәдениеттерді біріктіреді және адамдарға бір-бірін түсінуге көмектеседі. Ғасырлар бойы поэтикалық формаға енген ойлар мен сезімдер адамдардың жүрегіне орнап, бәріміз бір үлкен отбасы екендігімізді  және шын мәнінде, бір-бірімізге өте ұқсайтынымызды еске салады.

Дүниежүзілік поэзия күнін атап өту кезінде ЮНЕСКО біздің назарымызды поэтикалық сөздің адам бойындағы шығармашылық икемін ояту қабілетіне аударады.

Бұл күннің басты мақсаттарының бірі - тілдік әртүрлілікті ынталандыру және поэзия арқылы жойылып бара жатқан тілдерді қолдау. Сонымен қатар, Дүниежүзілік поэзия күні негізінен оқырмандарға қазіргі заманғы ақындардың шығармашылығы, тірі дыбыстық поэтикалық сөздің мәңгілік дәстүрін жандандыратын әдеби клубтарға жететін шағын баспаларға өзін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.

ЮНЕСКО ұйымы бұл күн поэзияны дамытуға, поэзияны ауызша оқу дәстүріне оралуға, поэзияны оқытуға, поэзия мен театр, би, музыка, кескіндеме сияқты басқа да өнер түрлері арасындағы диалогты қалпына келтіруге, баспа ісін ынталандыруға және бұқаралық ақпарат құралдарында поэзияның шынайы заманауи өнер ретіндегі жағымды бейнесін жасауға бағытталған.

 «Поэзия» сөзі грек тілінен poieo - жасау, құру, шығару, тудыру дегенді білдіреді. Ең көне әнұран өлеңдері біздің эрамызға дейінгі 23 ғасырда шығарылған деп есептеледі.

Қазіргі уақытта бұл күні бүкіл әлемде — мәдениет, білім беру мекемелерінде, шығармашылық ұжымдарда және т.б.  орындарда ақындар мен олардың шығармашылығына арналған түрлі поэтикалық концерттер, авторлық оқулар, конференциялар мен семинарлар, жаңа поэтикалық әдебиеттердің тұсаукесерлері, әдеби сыйлықтар табысталады.

Абайдай бас ақыны бар қазақ халқы да өлең-жыр мен поэзиядан кенде емес. Халық ауыз әдебиетінде, лиро-эпостық жырлар, оның ішінде, батырлар жырынан бастау алып, бүгінгі күнге жеткен түрлі шығармалар мен дастандардан халқымыздың жыр өнерін жанына желеу етіп келгенін көреміз.

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы,

- дей келе ұлы ақын Абайдың өзі өз заманында өлеңнің қандай болу керектігін нақтылап айтып кеткен. Ал ақиық ақын Мұқағали болса, поэзияның құдіретін өз өлеңіне қосты:

Поэзия! менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.
Сені іздедім досымнан, қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да,
Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,
Қызыл - жасыл шұғыла шашылғанда,
Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.
Махаббаттан іздедім, сағыныштан,
Арманымнан іздедім алып ұшқан!
Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,
Сені іздедім жадырау, жабығыстан.
Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,
Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен.
Қуаныштан, түршігу - күрсінуден,
Жүректердің іздедім дүрсілінен.
Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттерден іздедім, сағаттан да,
Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!