Піскен қарбызды қалай «танимыз»?

Піскен қарбызды қалай «танимыз»?
Сурет: интернеттен

Шіліңгір шілдеде шөлбасар қарбыздың науқаны қыза түседі.

Бірақ, сатып алған қарбыздың бәрі бірдей тіл үйіре бермейді, кейбірінің түсі солғын, сондықтан дәмдісін таңдай білу керек. Almaty-akshamy.kz қарбыз таңдау жайлы пайдалы кеңестермен бөліседі.

Ең алдымен қарбыздың «кіндігіне» қараңыз. Егер кіндігі бір нүкте ғана болса, ол – аталық қарбыз, мұның дәмі онша тәтті емес. Ал керісінше, қарбыздың «кіндігі» үлкендеу болса, мұндай аналық қарбызды алғаныңызға өкінбейсіз.

Екіншіден, үзілген сабағына мән беріңіз. Сабағы қурап кеткен қарбыз толық піскен, ал егер сабағы жасылдау болып тұрса, демек, оның күні әлі жетпеген деге сөз.

Үшінші мән беретін тұс, ол қарбыздың жерге жатып қалған сарғылтым дағы, сол дақ неғұрлым үлкен болса, қарбыздың піскеніне соғұрлым көзіңіз жете түседі.

Сондай-ақ, қарбызды шертіп көріңіз, сол кезде қатты дыбыс естілсе, оны сатып алуға болады, егер керісінше болса, алмай-ақ қойғаныңыз дұрыс.

Әрине, әркімнің қарбыз таңдау тәсілі әртүрлі, біз өз білгенімізбен бөлістік, кәдеңізге жарасын!