«Пайдалы қазба дегендер, Пайдасыз боп тұр қазаққа...»

«Пайдалы қазба дегендер, Пайдасыз боп тұр қазаққа...»
Сурет: интернеттен

Кеше қалың қазақ аза тұтты.

Бүгін жер астында көз жұмған кеншілерді жерлеу басталды. Марқұмдарды жерлеу үш күнге созылады.

Қара жамылған Қарағанды халқымен бірге елдің мұңын жүрегінен өткізетін ақындар да қайғырып, аза жырларын арнады.

 

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

ҚАРАҒАНДЫ...

Қасірет жыры

 

Тулақ сабап жатқандай

тасқа аунатып,

Қарағанды көгінен қашқан бақыт...

...Шерубай-Нұра «Шерменде» күйін шалды –

Соқыр өзен көзінен жас парлатып.

 

Сағым алып қашқандай самалаңды,

Қу тақырға шөгердің қара нарды.

Зарлап көшкен жұрт едің,

«КарЛаг» кешкен –

Саған енді не дейін, Қарағанды?

 

Қазан таңы,

Қайғымның қозғап бәрін,

Аққуды аттың,

ей, ажал,

қазды атпадың.

– Көмір берем – деп жүріп

Өмір берген –

Бақұлдаспай қайтемін, боздақтарым!

 

Самалы арлы, Сарыарқа,

санаң арлы,

Гептиль жауып құрдастың қаны ағарды...

Жанарыңнан тағы да жас саулады –

Қабағыңнан қар жауған, Қарағанды!

 

Тереңіме тербелген батты уайым,

Қанатыңды қарғам-ай,

Қақтырайын.

...Ақ Ордаңның ішіне жібек жайып –

Күміс сапты ожаумен ақ құяйын.

 

Жайлауындай жаныңның жаз әлемі,

Назы әдемі жұрт едің,

сазы әдемі.

...Қаралы ту көтерген, Қарағанды –

Бірге бүгін өзіңмен, Қазақ Елі!

 

Қайрат АСҚАР

Киесі қашты ма жат озған төріңнің...

Шахта ма - мекені  қазылар көріңнің?

Азап па еңбегің, жоқ әлде тозақ па -

Тірідей өртеніп, тірідей көмілдің.

 

Өлкем бар өте бай, неге өзім кедеймін?..

Өзегім өртенген, өксіген өгеймін.

Сен енді үйіңе жарқылдап қайтпайсың,

Жаутаңкөз жарыңа, балаңа не деймін?!.

 

Ынсапсыз келімсек ықтияр, ырқын ап,

Кенді өлкең - азалы, сай-сүйек сырқырап.

Жап-жарық әлемді бір көргің келді ме

Шыңырау тереңде шыбын жан шырқырап?

 

Болсаң да биікке, аспанға тым құштар,

Қара жер жібермес қаһарлы бір күш бар...

Қазады қашанғы тірідей көріңді

Күнәһар қолдармен жасалған қылмыстар?!.

 

Мирас АСАН

Аза жыры

 

Аза тұтамын аңырап,

Қара жамылам қаңырап.

Опырылып түскен шахта емес –

45 қара шаңырақ.

 

Аза тұтамын азапта,

Түскен жоқ жаным аз отқа.

Пайдалы қазба дегендер,

Пайдасыз боп тұр қазаққа...

 

Әшкере болды көп кемім,

Жүрегім –жалын, от – демім.

Қара жамылған көк Туға,

Қарауға дәтім жоқ менің!

 

Тайғақпен жүрдім, жол тұрып,

Оғландарымды өлтіріп...

Қазылған көмір орынын,

Қазамен жаптым толтырып!

 

Аза тұтамын, Хақ көрсе,

Кегімді кеткен ап берсе.

Мақтаудан оңай нәрсе жоқ,

Жоқтаудан қиын жоқ нәрсе.

 

Сорамды у ғып жұтамын,

Қаусадым,

Шөктім,

Жұтадым.

Мен енді өлең жазбаймын,

Мен енді аза тұтамын...

 

Жанат ЖАНҚАШ

Қара жердің астында,

Құрбандар көмір қазып жатады,

Жер бетіндегі былшылмен жоқ мүлде шатағы.

Үн-түнсіз, тоқтаусыз бұрғылап,

Үн-түнсіз тұнжырып,

Кеткендей тағдырдың татауы.

 

Құрбандар, жер қазып жатады, бұрғылап,

Мәңгіге сөнбейтін бейнедей бұл бірақ.

Жер астында біреулер үн-түнсіз жүреді,

Жердің тамырына қатқан қанды ұрғылап.

 

Жер астына Күн алып шығуға кіргендер…

Құрбандар сүйегімен шегендеп, бекітеді іргеңді ел.

Көмірдің қып-қызыл отына қызыға қарайтын адамдар,

Бұл алау – ҚҰРБАНДАРДЫҢ ҚАНЫ екенін ұмытып кетіп жүрмеңдер.

 Құрбандар жер қазып, жатады…