Парламенттік каникул кезінде жұмыс тоқтамайды

Парламенттік каникул кезінде жұмыс тоқтамайды
Сурет: Inform.kz

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев осы сессияның жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Бүгін сегізінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы аясында Сенаттың қорытынды отырысын өткіздік. Сессия наурыз айының соңында ғана басталды. Соған қарамастан, осы уақыт ішінде Мемлекет басшысының елімізді жаңғыртуға арналған реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Үш ай мерзімде Парламент 25 заң қабылдады. Олардың ішінде 10 заңға депутаттық корпус бастамашыл болды», - деді М. Әшімбаев.

Сенат спикері палатаның өңірлермен өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы жұмыстардың қорытындысына да тоқталды. Ол сессия барысында Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің және «Өңір» депутаттық тобының құрамдары жаңарып, отырыстары өткізілгенін тілге тиек етті.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, осы сессияда депутаттардың заң шығару құқығын іске асыруға жәрдемдесетін жаңа тетік – Сенаттың Жобалық кеңсесі құрылды. Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының отырыстары да тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Парламентте «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы жасақталып, оның құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар енді. Орнықты даму мақсаттарына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның алғашқы отырысы өткізілгені де белгілі.

«Сенаттың маңызды міндеттерінің бірі – Президентіміздің реформаларын заңнамалық тұрғыдан сапалы әрі уақтылы қамтамасыз ету. Ертең палаталардың бірлескен отырысы өтеді. Онда бірінші сессияның жұмысына қорытынды жасалады, содан кейін парламенттік каникул басталады. Парламенттік каникул кезінде жұмысымыз тоқтамайтыны белгілі. Біздің палата - өңірлердің мүддесін қорғайтын негізгі институт. Сондықтан, өңірлерге барған кезде, халықпен белсенді кездесіп, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді жан-жақты сараптайсыздар деп ойламын», - деді деді Мәулен Әшімбаев.

30 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылады.