Оқушы өрт сөндірушілерге арналған мобильдік қосымша ойлап тапты

Оқушы өрт сөндірушілерге арналған мобильдік қосымша ойлап тапты
Сурет: Іnform.kz

Атыраудағы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының 11 сынып оқушысы Аслан Тілесов IT-технологияға бет бұрған.

 Жақында №1 өрт сөндіру бөлімшесінде өзі ойлап тапқан «QazHydrant» деп аталатын жаңа мобильдік қосымшаны таныстырды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.

Өрт сөндірушілер мобильдік қосымшаға қызығушылық танытып отыр.

«Мен IT-технологияның ерекшеліктерін 8 сыныптан бері зерттеп келемін. Бұл жобаны өрт сөндіру қызметін оңтайландыру үшін дайындадым. Аталған қосымшаны дайындауға «Білім-инновация» лицейіндегі замандастарым Әбдікерім Нодяров пен Әділжан Салпеков көмек берді. Қосымшаны дайындаудағы мақсатым – өрт сөндірушілердің қызметін жеделдетуге қол ұшын созу. Өйткені, өрт сөндіру кезінде төтеншеліктер гидранттарды таба алмай, әбігерге түседі. Әсіресе, түнгі мезгілде табу қиын», - дейді жаңа қосымшаның авторы Аслан Тілесов.

Оның айтуынша, Google картасынан Атырау қаласындағы барлық гидранттың қай жерде орналасқанын навигациялық жүйемен анықтауға мүмкіндік бар.

«Қосымшаның әлі де жетілдіретін тұсы бар. Дегенмен жақында жобаны толықтырып, іске қосу жолдары қарастырылады. Бұған қоса, АstanaHub ұйымдастырған Smart City Accelerator (ақылды қала) байқауына қатысып, І кезеңінің іріктеуінен өттім», - дейді оқушы.