Өткен жылы әуе көлігімен жолаушы тасымалы 15%-ға ұлғайды

Өткен жылы әуе көлігімен жолаушы тасымалы 15%-ға ұлғайды
Сурет: Tengritravel.kz

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ұшақпен қатынағандар саны алғаш рет 10 млн-нан асады.

Азаматтық авиация комитеті таратқан мәліметке сенсек, әуе көлігіндегі жолаушы тасымалы барлық болжамдардан озып, өткен жылы пандемияға дейінгі 2019 жылдан да үлкен өсім көрсетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мәселен, 2022 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша, қазақстандық әуе компаниялары тасымалдаған жолаушы саны 2021 жылмен салыстырғанда 15%-ға артып, 9,9 миллионға жетті (2021 жылы – 8,6 млн, 2020 жылы – 5 млн жолаушы).

Болжам бойынша, 2022 жылғы тасымалданған жолаушы саны шамамен 10,8 миллионға жетеді деп күтіліп отыр.

2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, өсім (9,4 млн жолаушы) - 15%.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет жолаушылар тасымалы 10 миллион жолаушыдан асады.

Өткен жылы қаңтар-қараша айларында отандық әуе компаниялары ішкі бағыттарда 7 млн (2021 жылы – 6,9 млн, 2020 жылы – 4,1 млн), халықаралық бағыттарда – 2,9 млн жолаушы (2021 жылы – 1,7 млн, 2020 жылы – 0,9 млн) тасымалдады.

Air Astana әуе компаниясының жолаушылар ағыны шамамен 3,7 млн адам, FlyArystan – 3 миллионға жуық, SCAT – 2,7 млн және Qazaq air – 0,5 млн адам болды.