Отандық туризм пандемияның кесірінен миллиардтаған шығынға ұшырады

Отандық туризм пандемияның кесірінен миллиардтаған шығынға ұшырады
Сурет: Gov.kz

Алайда шекаралардың жабылуынан ішкі туризмге деген сұраныстың артқаны байқалды.

Коронавирус пандемиясы салдарынан отандық туризм миллиардтаған шығынға батты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл - Kazakh Tourism АҚ ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Аманбаевтың сөзі.

«Туризм - пандемиядан ең зардап шеккен саланың бірі. Осы орайда отандық туризм де миллиардтаған шығынға ұшырады. Алайда шекаралардың жабылуынан ішкі туризмге деген сұраныстың артқаны байқалды. 2021 жылы Қазақстанда ішкі туристер саны бойынша рекорд жаңарды. Яғни былтыр ішкі туристердің саны артып, 6,9 миллион адамға жетті. Бұл пандемияға дейінгі (2020 жыл) деңгейден 5 пайызға және 2019 жылғы көрсеткіштен 35 пайызға жоғары», - деді Талғат Аманбаев.

Оның айтуынша, ішкі туризмге сұраныстың артуына байланысты қонақ үйлер мен демалыс орындарының қызметі 90%-ға артқан.

«Статистикаға сүйенсек, демалыс орындары мен қонақ үйлер санының өсуі байқалады. 2020 жылы олардың саны 3 514-ке жетті. Сондай-ақ, өткен жылы елімізде 172 жаңа демалыс орны пайда болды. Сәйкесінше, туристер демалатын бөлме қоры ұлғайып, 193 030 төсек-орынды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 417 төсек-орынға артық», - дейді ол.